Бұған дейін басылым беттерінде малды сырғалау тақырыбы сирек көтерілген еді. Ветеринар мамандар мен жауапты тұлғалардың біршамасы бұл жұмысты уақтылы орындамаса компьютердегі базаға тіркелмей, кейін мал ауруы немесе оның жоғалуы кезінде едәуір келеңсіздіктер туындайтындығын жеткізді. Уақтылы дегенде де бір-екі ай кешіктіру емес, сегіз-тоғыз айдан асса онда мәселенің шынымен де ушыққаны. Бұл Күршім өңірінде ірі қара малына қатысты болған жайт. Газеттің өткен сандарының бірінде аудан әкімдігі берген ақпарға сәйкес түйткіл себебін анықтап көрген едік. Бұл жолы сырғалау тәртібі мен облыстық Ветеринария басқармасы басшысының жауабын ұсынбақпыз.
10 жыл болса да олқылық көп
Кейбір мамандардың сөзінше, бір аудандағы ірі қара малына жарты жылдан астам уақыт сырға салынбауы айтарлықтай олқылық. Себебі мемлекет көлемінде сырғалау 10 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқанымен елді мекендерде сырға жетіспеушілігі жиі байқалады.
– Қазіргі уақытта сырғаланбаған мал өрісте жүрсе одан біршама қауіп келуі мүмкін. Неліктен? Себебі ветеринарлар одан қан алынды ма, жоқ па, білмейді. Оның жұқпалы ауру таратпайтындығына да ешкім кепілдік бере алмайды. Менің ойымша, бұл орны толмас олқылық. Бетін аулақ қылсын, алайда сол ірі қара ауру болып, ол аздай, еті базарларда сатылса талай адамның зиян шегетіндіктері сөзсіз, – дейді ШҚО Ауылшаурашылығы басқармасының басшысы Владимир Гайламазян.
Бұған дейін редакцияға қоңырау шалған Күршім ауданы Қалжыр ауылының тұрғындары сырғалаудың белгілі бір уақыты бар, алайда жергілікті мал дәрігерлері мүлде төбе көрсетпей кеткендіктерін айтып шағымданған-тұғын.
Он төрт күнде орындалуы тиіс
Іле мұның сырғалау уақытын аудан басшылығы ұсынып, кейін облыстық Ветеринария басқармасының жауабымен толықтырған едік.
– ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30-шы қаңтардағы №7-1/68 бұйрығына сәйкес ауыл шаруашылық жануарларының төлі мынадай жасқа жеткеннен бастап он төрт жұмыс күнінен кешікпей сырғаланады. Ірі қара және ұсақ малға, түйелерге және шошқаларға оң құлағына бір аспалы сырға бекітіледі. Аталған жануарларды бірдейлендіру үшін жоғарыда сөз етілген Қағиданың 8-тармағына сәйкес радиожиілікті белгісі бар сырғаларды ауыл шаруашылығы жануарларының сол жақ құлағына бекіту жолымен пайдалануға рұқсат беріледі, – деген аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев малды сырғалау уақытын реттілікпен ұсынды.
Алайда осы жерде ірі қара және ұсақ малдан бөлек, өзге жануарларға да қатысты сырғалау мерзімін (кейде сәйкестендіру деп жазылды) облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықовтың жауабымен беруді жөн көрдік:
Төлдеген күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін – бұзаулар, қозылар, лақтар, боталар
Төрт айлық жасынан бастап – құлындар
Төлдеген бастап жеті күн өткеннен кейін – тақ тұяқты жануарлардың төлі (есектер, қашырлар, пони, құлан және басқа да жануарлар)
Туған күнінен кейін жеті өткен соң – асыл тұқымды торайлар, өсімін молайтуға арналған торайлар, сондай-ақ халық шаруашылықтарында күтіп-бағылатын торайлар
Туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіп-бағылатын, кейін сою үшін тоғыз айлық жасқа жеткенге дейін бордақылауға арналған торайлар.
Орталыққа өтінім жіберіледі
Өңірдегі Ветеринария басқармасы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты екендіктерін ескерсек, малға бірдейлендіру жүргізу үшін бұйымдар мен атрибуттарды Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің процессингтік орталығы (әрі қарай АШМ ВБҚК) жүзеге асырады.
– Төлдерді бірдейлендіру үшін биркалар 2020 жылдың қаңтар айында ғана келіп түсті. Олар рұқсат қағазына сәйкес ветеринария саласындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарға, оның ішінде «Күршім-Вет» КМК-ға дереу жіберілді, – деді Рамиль Нығметжанұлы.
Малды сырғалауға арналған биркалардың жетіспеушілігі былтыр да болған екен. Осындай келеңсіздік кезінде басқарма тарапынан қандай да бір шаралар қабылдана ма екен? Рамиль Сағандықовтың сөзінше, мұндай жағдайда министрліктің прогрессингтік орталығына малды бірдейлендіру үшін жеке нөмірлердің эмиссиясын беруге өтінім жіберіліп, нөмірлер алынатын көрінеді. Әрі қарай мал иелеріне (еріктеріне қарай) эмиссиялық нөмірлер салынатын таза биркаларды сатып алу ұсынылып, малдәрігерлері сырғалауды жүзеге асырады.
Басқарма басшысы аудандар мен ауылдарда профилактикалық егу және малды бірдейлендіру хақында түсінік жұмыстары жүргізіліп тұратындығына сендірді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ