Өскеменде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық зерттеу жобалар байқауының облыстық кезеңі өтті. Күн райы күрт бұзылып, сақылдаған сары аяз атқа қонса да, талабы мен таланты тоғысқан оқушылардың ынта-жігеріне тосқауыл бола алмады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыстық Білім басқармасы мен ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы тізе қосып, өңірдің озық ойлы оқушыларын №47 орта мектебіне жинады. Орталық басшылығы тиісті жағдай жасап, бүлдіршіндер арасындағы түрлі байқаулардың жоғары деңгейде өтуі үшін бар мүмкіндікті қарастырған. «Тойдың боларынан боладысы қызық» деп, әуелде ашылу салтанатына әзірлікті күшейткен. Алайда сынап бағанасы төмендеп, облыстық маңызы бар жолдардағы кедергілерге байланысты қатысушылар межелі жерге бір мезетте жете алмады. Сол себепті де, облыстық кезеңнің ашылу және жабылу салтанаты өтпеді.
– Бұл конкурс оқушылардың зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға ықпал етіп, дарынды буын өкілдерін анықтап, оларды қолдау мақсатымен өткізілуде, – деді «Дарын» орталығының директоры. Гаухар Рахимжанова. – Бүгінгі облыстық кезең халықаралық тәжірибеге сәйкес ашық көрме форматында YouTube арнасынан трансляция жүргізілумен ұйымдастырылды. Негізі мұндай сайыс жылда күн тәртібінде тұрады. Былтыр да оффлайн түрінде өтті. Бастысы, оқушылардың еңбектене дайындаған жобалары бағаланбай қалған жоқ, үздіктер анықталды.
Сонымен, сары аязды сыртта қалдырып, жеңісті бағдар еткен облыстың әр түкпірінен келген 9-11 сынып оқушылары бар мүмкіндіктерін паш етті. Олардың қарым-қабілетіне көз жүгіртіп, жобаның өзектілігіне үңілген Білім басқармасы мен «Дарын» орталығының өкілдері кезекті таланттардың томағасын сыпырып жүргендей еді. Бәрінен бұрын, жеңіске жетуге лайықтыларын таңдаған қазылар тарапы да барынша бейтараптық пен әділ болуды басшылыққа алды. Себебі, жобаның маңызы жағынан деңгейлес оқушыларды, оқ бойы озық тұрған қатысушыларды қаз-қалпы іріктеу оңайға соқпады.
– Оқушылардың жобаларын жоғары білікті қазылар алқасы бағалауда. Олардың қатарында жоғары оқу орындарының ғалымдары, ғылым докторлары мен кандидаттары, Назарбаев зияткерлік мектебінің жоғары санатты оқытушылары бар, – деді Гаухар Болатбекқызы.
Ұзын-ырғасы 200-ден асып жығылған бозбалалар мен бойжеткендер арасында болашақта мемлекеттің экономикасына әсер етіп, әлеуетін көтеруге ықпал ете алатындай жобалар жоқ емес-тін. Ұлттық құндылықтарды дамытудың тетіктері де қаралды. Айталық, тал бесік пен бесік жырының сәби үшін пайдасы, оның Шығыс топырағында біртіндеп қолданыстан шығып бара жатқаны – бәрі-бәрі қазыларға ой салмай өтпеді. Баламалы энергия түрін тиімді пайдалану, Ай бетінде зерттеу-барлау жасай алатын роботтардың құрылымы сияқты тақырыптар да тым қызық болды. Сөйтіп, 16 секцияда, төрт бағыт бойынша үздіктер анықталды. Айта кетерлік жайт, оқушылар жұмысын жекелей және командалық түрде қорғады. Көпшілігі мұндай ауқымды сайысқа алғаш қатысып отырғандарын жеткізді. Мәселен, Самар ауданына қарасты Көкжыра ауылынан келген «Амангелді орта мектебінің» 11 сынып оқушысы Жасмин Ермекбаева биыл кіл мықтылар арасында өз жобасын қорғап, орасан тәжірибе жинағанын айтты. Тақырыбы: «Әбіш Кекілбаевтің «Шыңырау» повесіндегі адамгершілік мәселесі». Қазылар алдында сөз алғанда қобалжуы болған, бірақ барлығын жеткізе айтқандаймын деді. Қорытындысында, 101 жоба үздік ден танылды. Нақтырақ айтсақ:
I орын – 19 жоба;
II орын – 33 жоба;
III орын – 49 жоба.
Барлық қатысушылар сертификаттарға ие болды. Ал жобасы үздік шыққан оқушылар үшін конкурс мұнымен біткен жоқ. Ұйымдастырушылар желтоқсан айының 13-14 күндері Өскеменде бейіндік пәндер бойынша тестілеу түрінде өтетін іріктеу кезеңіне сәттілік тіледі. Өнертапқыш һәм жас ғалымдар қоржындарын кезекті марапатпен толықтырып қана қойған жоқ, жаңа достар тапты. Бастысы, білім мен ғылымға деген қызығушылықтары көзқарастарынан-ақ байқалады.
– Осы жобада жүлде алғандар үшін әлі екі кезең бар. Жоғарыда желтоқсан айында біреуі өтеді дедік, сол тестілеуден сүрінбеген оқушылардың жобалары республикалық іріктеу кезеңіне жіберіледі. Егер іріктеуден өтіп жатса, ақпан айында Тараз қаласында алауын жағатын шешуші кезеңге бара алады, – деді Гаухар Болатбекқызы.
Қолайсыз ауа райына қарамастан конкурсты өз деңгейінде өткізу үшін де біршама тәжірибе қажет. Күн суып, жол мәселесі көлденең тұрған соң жобаларын қорғап болған оқушыларды бірден қайтарып отырды. «Дарын» орталығының өкілдері облыстық кезең жылда әртүрлі мектептер базасында қолға алынатынын айтты. Жалпы, жыл көлемінде оқушылардың дарындылығы мен қабілеттерін анықтап, дамытатын 200-ден астам түрлі шаралар өткізілген.