Аягөз қаласындағы №5 орта мектеп – Шығыс Қазақстанның үздік мектебі атанды
2017-2018 оқу жылының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы ең үздік мектеп атағын – Аягөз қаласындағы №5 орта мектеп ұжымы жеңіп алды. Салтанатты шарада білім ордасының директоры Айнұр Қанапьянованы құттықтаған аймақ басшысы Даниал Ахметов оған 22 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Газет тілшісі Айнұр Әулесқызымен хабарласып, өңірдің ең озат мектебі жайлы әңгіме өрбітті.
Өткенді қорытындылап, болашақтағы жоспардың бүге-шүгесін талқылайтын Тамыз кеңесі биылғы жылы да дәстүрге сай ұйымдастырылды. Білім саласының өкілдері бас қосатын келелі кеңесте өңірдің үздік мектебі де анықталған болатын. Жуықта аймақ басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстанның барлық мектептерінің ішінен топ жарған Аягөз қаласындағы №5 орта мектептің ұжымын салтанатты түрде марапаттады. Білім ордасының директоры Айнұр Қанапьянованы ортаға шақырған аймақ басшысы оның қолына 22 627 000 теңгенің сертификатын ұстатты.
– Республикаға танымал ақын Ринат Зайытов, дәстүрлі әнші Перизат Тұрарова, «Астана Арланс» клубының бас бапкері Рустем Іргебаев сынды өресі биік жандар түлеп ұшқан мектебіміздің 53 жылдық тарихы бар, – деді газет тілшісіне сұхбат берген Айнұр Әулесқызы, – Былтырғы оқу жылын 1029 бала аяқтады. Биылғы жылы 1024 оқушы білім алуда. Жалпы саны 46 сынып жинақталған. Ұжымымызда білімі мен біліктілігі жарасқан 105 мұғалім еңбек етеді. Оқу орнымыз заман талабына сай инновациялық, модификациялық құралдармен толықтай жабдықталған.
Оның айтуынша, №5 орта мектепте 1995 жылдан бастап көлік жүргізу қосымша сабағы енгізіліпті. Соның арқасында оқушылар 18 жасқа толғаннан кейін В, С категориялы жүргізуші куәліктеріне қол жеткізуде.
– Білім сапасы жайлы айтар болсақ, Ұлттық бірыңғай тестілеуден орта балл соңғы үш жылда 95,7%-ды құраса, 2016-2017 оқу жылы 97,8%-ға жетті. Ал 2017-2018 оқу жылында 100%-ды көрсеттік. Сонымен қатар мектепте түлектердің қолдауымен екі сынып ашылды. Атап айтқанда, математика сыныбы мен қыз балаларға арналған еңбекке баулу сыныбы. Ол жерде 5 тігін машинасы бар. Білім ордасында инклюзивті сыныптар да жоқ емес. Бүгінгі таңда 9 сыныпта 11 мүмкіндігі шектеулі бала білім нәрімен сусындауда. Оның ішінде бойында ақыл-ойының кемістігі анықталған, есту қабілеті нашар, милық салдану (ДЦП) дертіне ұшыраған балалар кездеседі, – дейді мектеп директоры.
Оқу орнындағы барлық сыныптар талапқа сай жөндеуден өткізілген екен. Сондай-ақ, «Менің мектебім» бағдарламасы аясында работотехника сыныптары да ашылуда.
– Мектеп оқушылары спорттық сайыстардан да кенде қалмауда. Әсіресе, жеңіл атлетикадан біздің балалардың қарқыны қатты. Аудан бойынша өтетін жеңіл атлетика сайысында соңғы 5 жылда ұлдар және қыздар командасы бірінші орынды қолдан бермей келеді, – дейді Айнұр Қанапьянова.
Сөз арасында мектеп директоры 22 миллион теңгені қайда жұмсайтынын да айтып берді.
– Бұл қаражатты мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсап, IT технологиялық бағытқа бет бұрсақ деп отырмыз, – дейді ол, – Осыған дейін оқушыларға рухани білімнің кәусәрін таттырып келген мұғалімдер де ақшалай сый-сияпаттан құр алақан қалмайды. Сыныптарды заман талабына сай модификациялау жұмыстары да жоспарымызда бар.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Фотосуреттер Айнұр Қанапьяновадан алынды