Олег Болтин ел чемпионатының күміс жүлдегері

424
көрілім

Кеше Қарағанды қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен ел біріншілігінде еркін күрес шеберлерінің бәсекесі аяқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл жолы алтын бұйырмады шығысқазақстандық палуандарға. Әдетте, Данияр Қайсанов, Азамат Дәулетбеков, Олег Болтиндер мойынға алтын медаль тағып, бабында екендерін байқатып жүретін. Бұл жолы да аянып қалмады. Дегенмен Дәулетбеков бақ сынамады бұл додада. Қайсанов күміс жүлдегер атанды. Ал ең соңғы болып алыптар бәсекесінде Ақтөбе облысының спортшысы Юсуп Батырмурзаев пен Риддер қаласының тумасы Олег Болтин жолықты. Оған дейін 125 келіге дейінгі салмақта қостанайлық Талғат Жиентаев пен павлодарлық Расул Хатаев үшінші орын иеленген болатын.
Финалдық бәсеке көптің көңілінен шығатындай-ақ болды. Болтин көбінде қарсыласын қыспаққа алып, түбі бір аяққа өтіп, я болмаса бозкілемнен итеріп шығаруды мақсат еткендей. Ал Батырмурзаев еш асықпай, сауатты қорғана жүріп ұпай түгендеуді жоспарлаған тәрізді. Қорытынды есеп 2:2 болып аяқталды. Кім жеңді деп ойлайсыздар? Белсенділік жағынан Болтин озық тұрғандай көрінді, алайда соңғы секундтарда жерлесіміз Юсуптың аяғына өтуге шақ қалғанда төреші белдесу барысын тоқтатып қалды. Соңғы үш секунд қалса да артына шығып үлгерер ме еді деген сауалдың көкейде қалғаны рас. Кесек әдіс деп атайды бапкерлер. Сол арқылы ақтөбелік палуанның мерейі үстем болды, яғни бірден екі ұпай алған. Ал риддерлік спортшы бір ұпайды белсенділігі үшін, тағы біреуін бозкілемнен ығыстырып шығару нәтижесінде иеленді.
Сонымен жерлестеріміз ел чемпионатын екі күміс медальмен тәмамдады.