Токиодағы Олимпиадаға жол тартатын спортшылар есімі белгілі болып, Мемлекет басшысы атлеттерге ақжол тіледі. Көк байрағымызды көкте желбіретсін деген сеніммен ту көтеріп шығу мәртебесі үш қарғып секірудің хас шебері Ольга Рыпакова мен бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевқа берілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл туралы сайттың келесі бір жаңалықтарында толығырақ мәлімет ұсынылмақ. Осы жолы дзюдодан 66 келіде ел намысын кімнің қорғайтыны жайлы нақты ақпарат ұсынуды жөн көрдік. Қуаныштың алғашқы легі болар. Бапкерлік құрам Токио төрінде білікті бапкер Айдар Қайырбаевтың қоластында жаттығатын Ерлан Серікжановқа сенім артқан екен. Неліктен екені белгісіз, дзюдосүйер қауымның басым бөлігі Елдос Жұмақановтың баруына тілекші болған. Ол да орынды шығар. Себебі, Жұмақанов Азия чемпионатында төрт мәрте жүлдегер атанған-тұғын. Алайда жастығы мен жарқын жеңіске деген «аштығын» қатар қойса, үржарлық палуанның үдеден шығуына жан-жақты мүмкіндігі бар. Әлбетте, Жапония, Моңғолия, Италия сынды елдердің палуандары оңай шағылар жаңғақ емес.