Спортшылар арасындағы бәсекелестік бірінші кезекте екендігі белгілі. Дегенмен басты қарсыластың жарыс жолына шықпай қалуы өзге атлеттер үшін белгілі бір мөлшерде қуаныш сыйлайды. Мәселе сол атлет сырқаттану әсерінен спорттан шеттетілді десе, әрине, көңілге кірбің ұялатпай қоймайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Айтпағымыз, қазіргі заманның обасына айналған коронавирустан әлемдік грек-рим күресінің сахнасына сенімді қадам жасаған сақа спортшының қауіпті індет жұқтырғаны. Сайып келгенде, қатерлі дерт ешкімді де аяйын деп тұрған жоқ. Жуырда ғана Олимпиада, екі дүркін Әлем чемпионы Исмаэль Борреро Молинаның коронавирус жұқтырғаны расталып, көптеген спорт мамандары тосын жаңалықты естіп тілеулестіктерін білдіре бастады. Қаңтар айында 28 жасқа толған палуан қазір 67 келіге дейінгі салмақта әлемдік рейтингіде 80 ұпаймен жеке дара көш бастап тұр. Екінші орында тұрған ресейлік Артем Сурковтың еншісінде 40 ұпай. Өкініштісі сол, Молина коронавирус жұқтырған кубалық алғашқы спортшы болып тіркелді. Бір айта кетерлігі, екі дүркін Әлем чемпионы 2015 жылы Лас-Вегас қаласында өткен жаһандық доданың жартылай финалында жерлесіміз Алмат Кебіспаевпен шеберлік байқасқан болатын. Спорттық бабында барған Үржар ауданының тумасы кубалық палуанға есе жіберіп, артынша қола медальға қол созды. Қазір Кебіспаев елішілік және халықаралық аламандарда 67 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетуде. Молина Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлемдік аламанда 67 келіге дейінгі салмақта топ жарса, Кебіспаев 63 келіге дейінгі дәрежеде қола жүлдеге қол созды. Қауіпті індеттің беті қайтып, дүбірлі додалар күнтізбеге сай жалғасын тапса, қос спортшының жолы қайта түйісуі әбден мүмкін. Егер 63 және 67 келіге дейінгі салмақтарда ауыс-түйіс болып жатса, онда жапон спортшысы Шинобу Ота, мажарстандық Эрик Торба, норвегиялық Стиг-Андре Берж, онтүстіккорялық Хан Сю Рю, сербиялық Мате Немеш, Германияның үздігі Франк Штаблер және тағы да басқа спортшылар өздерін жаңа салмақта сынап көрулері мүмкін.
Одан бөлек, үржарлық палуан қазіргі уақытта 63 келіге дейінгі дәрежеде 23 ұпаймен 7-ші сатыға жайғасқанын айта кетейік. Қазіргі уақытта Алмат Қабдрашұлы өзінің туған жері Үржарда. Кіндік қаны тамған жерде кесте бойынша жаттығуын жалғастырып, кезекті аламандардың басталуын күтуде.
Әділхан ЕСІМХАНОВ