Олимпиада ойындарының қола жүлдегері көкпектілік палуаннан үміт күтеді

484
көрілім

Еркін күрестен үш дүркін Азия чемпионы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Марид Муталимов Ұлттық құрама сапында тұғырдың биігінен көрінуі мүмкін деп санайтын палуандар есімін атады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Талай жыл ел намысын абыроймен қорғап, құрлықтық чемпионатта үш алтын, екі күміс және бір қола медаль иеленген спортшының сөзінше, қазір бабында жүрген бірнеше палуан бар. Бұл туралы еліміздің күрес парақшасына берген сұхбатында мәлімдеді. Ең алдымен 57 келіге дейінгі дәрежеде Әлем чемпионатының күміс және қола медалін иеленген Нұрислам Санаевты атаса, артынша 97 келіде төртжылдықтың басты бәсекесіне жолдама алған Әлішер Ерғали мен 74 келіге дейінгі салмақта Әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болған көкпектілік Данияр Қайсановқа тоқталды. Айтуынша, осыған дейінгі аламандарда белдескендей қарсылас әдісін алдын ала сезе білсе, Қайсановтың алар асуы әлі алда. Әрине, олардан бөлек құрама сапында қаншама спортшы бар. Әйтсе де, әр салмақтағы кіл мықтыларға төтеп бере алады деп санаулы палуандарды тілге тиек етті. Ардагер палуанның туған жері – Дағыстан. Ұлты – құмық.

– Өзім де сайыстарда бақ сынаған сәттерді сағынамын. Сол кезде қоян-қолтық араласып, күрес Федерациясының вице-президенті болған Адай Тшарбаевтың еңбегін атап өткім келеді. Есімі көпшілікке мәлім. Біз көрсеткен жоғары нәтиженің бір көрінісі сол кісінің елеулі еңбегінде жатыр. Спорттық мансабымда жолыққан түрлі сауалдардың шешімін табуына ықпал еткен, – деді ол.