Жолда келе жатқан көліктің тросы үзіліп 27 жастағы жігіт көз жұмды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қайғылы оқиға тасжолдың 899-шақырымында болған.
- Алдын ала мәлімет бойынша Жарма ауданына қарасты Қалбатау ауылына қарай бет алған Mitsubishi көлігінің жүргізушісі темір тұлпарын Toyota көлігіне трос арқылы жалғап алған. Көліктер іркес-тіркес келе жатып, кенет байланған тростың үзілуінен аударылып қалды, - делінген Абай облысы ПД-нің баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.
Оқиға салдарынан Toyota көлігінің жүргізушісі сол жерде тіл тартпай кеткен.
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
- Жүргізушілерге тежегіш жүйесі жұмыс істемейтін көліктің салмағы сүйреткіш көліктің нақты салмағының жартысынан астамын құраса, оны сүйретуге тыйым салынатынын ескертеміз. Егер сүйреткіш көлігінен салмағы аз болса, онда оған қатты ілмекпен немесе ішінара тиеу арқылы рұқсат етіледі. Қыста иілгіш троспен сүйретуге тыйым салынады, - деп қосты ПД-дан.