Шығыс Қазақстан өнер музейінде әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуіне орай, «Адамзаттың алып ойшылы» атты сурет көрмесі ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Көрмеге ғұлама ойшылдың өмірінен сыр шертетін С. Маханбетовтың «Әбу Насыр Әл-Фараби» атты туындысы қойылды.
– Биыл ұлы тұлғалардан әл-Фарабидың 1150 жылдығы, хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойларын ел болып атап өтудеміз. Бұл біздің халқымыздың рухани бірігуіне септігін тигізуде. Сонымен қатар философтың ой-тұжырымы, рухани құндылықтары біздің ұлттық болымысымыздың тұп қазығы десек артық айтқандық емес. Мәдени шаралар әлі де жалғасын табады, – дейді Өнер музейінің директоры Бекайым Ұябаева.
Шара барысында өңіріміздегі оқу ордаларының оқытушылары мен магистранттары әл Фараби туралы баяндамаларын оқып, ойларымен бөлісті. Сонымен бірге қобыздың қос ішегінен қоңыр үнді күй төгілді. Көрермендер ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылым кеңістігіндегі көкжиегінің кеңдігін ашу мақсатында С.Маханбетовтың «Әбу Насыр әль-Фараби» туындысы бойынша челендж өткізді.
Көрмеге «Сократ» клубының мүшелері , С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың оқытушылары мен магистранттары, Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың тарих кафедрасының, Өскемен жоғары медициналық колледж оқытушылары, магистранттар, БАҚ өкілдері мен студенттер қатысты.