Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыс бойынша филиалының директоры Азамат Есембулов мәлімдеді. Сондай-ақ шараға оның екі сала бойынша орынбасары – Айжан Ағибаева мен Гүлфайра Нұржанова қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Филиал директорының айтуынша, бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы тізілімде қолжетімді 1353 мемлекеттік қызметтің 1267-сі көрсетіледі. Оның 1214-і электрондық форматта қолжетімді. Биыл шығысқазақстандықтар электрондық форматта 900 мыңға жуық түрлі мемлекеттік қызметтерді алды. Өткен жылмен салыстырғанда осы әдісті пайдаланушылардың саны екі есеге артқан.
Сондай-ақ Азамат Есембулов Мемлекеттік қызметтерді онлайн алудың маңыздылығын атап өтті. Мысалы, «Мобильді ХҚКО» қосымшасының тиімділігі өте зор. Жыл басынан бері ол арқылы ШҚО бойынша 26 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Айта кетейік, брифинг барысында филиал директоры өткен жылы ШҚО ХҚКО-лары арқылы тапсырыс берген ең танымал қызметтер туралы айтып берді.
Нақты айтсақ:
- ЭЦҚ алу (153 308),
- Көлік құралдарын тіркеу (128 939),
- Жүргізуші куәліктерін беру (63 758) ең қажетті қызмет болып саналады.
Филиал директорының әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі орынбасары Айжан Ағыбаева осы жылдың 1 шілдесінен бастап Әлеуметтік кодекске «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым енгізілгенін атап өтті.
- Бұл мәртебе «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ 1 немесе 2-дәрежелі «Ана даңқы» ордендері бар әйелдерге беріледі. Осы санаттағы аналарға ай сайын 6,40-тан 7,40 АЕК-ке дейін жәрдемақы төленеді, - деді жауапты тұлға.
Бұндай жәрдемақыға өтінімді проактивті форматта да ресімдеуге болады.
Бұдан басқа, жылжымайтын мүлікті тіркеу желісі бойынша филиал директорының орынбасары Гүлфайра Нұржанова мемлекеттік корпорация Blockchain технологиясын қолдана отырып, екінші деңгейдегі банктер мен жеке тұлғалар арасында жылжымайтын мүлікке банктік қарыз шартын ресімдеу кезінде берілген кепілдің электрондық тіркелуін жүзеге асыратынын атап өтті. Бұл қызмет сұранысқа ие және көрсетілетін қызметті алушылармен оң пікірге ие, өйткені клиенттерге тіркеу процесін үш күннен бір күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері 7311 шарт тіркелді.