Ресми ақпаратқа сүйенсек, өңірдегі орман қорының жалпы ауданы 2,9 млн.гектарды құрайды. Оның 1,6 млн. гектары мемлекеттік орман қорының жерлері және ерекше қорғаудағы қорықтар мен ұлттық парктер, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жуықта өткен Үйлестіру кеңесінің отырысында уәкілетті органдарға ормандарды жоюдың жолын кесуге тапсырма жүктелді. ШҚО прокуроры Алмат Байшолақовтың сөзінше, бүгінде облыстың орман қорына айтарлықтай қатер төніп тұр. Статистикаға сүйенсек, 2021-2023 жылдары 195 орман өрті тіркелді.
– Жалпы ауданы шамамен 17 мың га орман өртенді. 104 мың м3 көлемінде орман бүлінген, шығын шамамен 1,4 млрд.теңгені құрады. Жүргізілген талдау орманшылықтарда өртке қарсы техника мен жабдықтар жетіспейтіндігін көрсетті, – деді прокурор.
Орман қорын заңсыз кесу қатысушылар арасында үлкен алаңдаушылық туғызады.
– Соңғы үш жылда 101 заңсыз кесу фактісі тіркелді. Бұзушылар 7,5 мың м3 орманды заңсыз кескен. Орман алқаптарын молықтыру да тиісінше жүргізілмейді. Көшеттердің 58%-ы тамыр жаймайды. Бұған бір жағынан ауа-райы да теріс ықпал етті, – деді Алмат Мұратұлы.
Сондай-ақ, отырыс барысында орман шаруашылықтарында материалдық-техникалық қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі, кадрлардың жетіспеушілігі, орман өрттерінің алдын алу мақсатында шалғайдағы аумақтарды тікұшақпен ұшып қарау үшін ұшу сағаттарының аздығы және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.