Өңірімізде заңды белден басқан шенеуніктер аз емес

412
көрілім

Елімізде мемлекеттік қызметкерлерге қатысты заң мен талап қанша күшейгенімен, олардың арасында құқықбұзушылыққа жол беріп жатқандар саны толастар емес. Қазірде өңіріміздегі басқарма, департамент, органдардың өкілдері заң шеңберінен аттап, пара алғандығын естігенде таңқалмайтын жағдайға да жеттік. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті осындай олқылықтарға тосқауыл қою үшін талай шаралардың тізгінін қолға алған. Жуықта облыстық әкімдік ғимаратында өткен Әдеп жөніндегі Кеңес барысында заңнан аттаған мемлекеттік қызметкерлер сын садағына алынды.

2018 жылы мемлекеттік қызметкерлердің әдеп деңгейін көтерудің кешенді жоспары құрылған болатын. Бұндағы басты мақсат шенеуніктерге моральдық-адамгершілік құндылықтарды дәріптеп, олардың құқықтары мен мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету.

– Мемлекеттік қызметкерлердің бүгінгі жай-күйін анықтау үшін анонимді сауалнама жүргіздік, – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Ташенов, – Анықталғандай, шенеуніктердің 15%-ы «басшылық лауазымдық міндетіме кірмейтін жұмыстарды тапсырады» дейді. Көпшілік 8 сағаттық жұмыс уақыты аяқталғанына қарамастан, қосымша еңбектенуге тура келетіндіктеріне наразылық білдірген. Осы мәселенің мәнісін түйсіну үшін біз рейд шараларын ұйымдастырған едік. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақыты еш қадағаланбайтынына көз жеткіздік. Бүгінгі таңда мұндай олқылыққа жол берген 19 шенеунік жауапқа тартылды.

Білім саласындағы бассыздық

Шығыс Қазақстан облысындағы білім саласында тер төккен шенеуніктер арасында заң бойынша тыйым салынған әрекеттерге барып жатқандар баршылық. Мұндағы негізгі әңгіме – мектеп оқушыларының ата-аналарынан ақша жинау және балабақшадағы пара алу мәселесі. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі ШҚО бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2015-2017 жылдар аралығында сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін жазаланғандардың ішінде 11 адам мектеп директоры мен меңгерушілік қызметте істесе, 6 айыпталушы есепші лауазымын атқарған.

– Біз барлық білім ордаларына ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынатындығын талай рет ескертіп айттық, – дейді ШҚО Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайрангүл Жұмадилова, – Егер өңір тұрғындары осындай жағдайға тап болып жатса, басқарма сайтына арыз жаза алады.

Алайда облыстық мәслихат депутаты Олег Чернышов бұл түйткілді мәселенің «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалып отырғандығын бүкпесіз айтып салды.

– Осыдан екі жыл бұрын мектеп директорларымен өткен ауқымды жиналыс барысында басшылардың бәрі бір кісідей «бізде ешкім ақша жинамайды» деп ант-су ішкен еді, – дейді ол, – Ал шын мәнінде қалай екенін қарапайым халық жақсы біліп отыр. Егер мұғалімдер мен директорлар өтірік айтып, пара алып отырса біздің ел қайда бара жатыр?! Нұр Отан партиясы мен басқа да мемлекеттік мекемелерде қанша жиын өткізіп, осы мәселені жүз мәрте көтерсек те ешқандай нәтиже жоқ.

Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі Кеңеске қатысушылар тәртіптік жазаға тартылған Риддер қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашалығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысын, Өскемен қалалық ветеринарлық бақылау комитетінің аумақтық инспекциясы басшысын, Бородулиха аудандық ТҮКШ бөлімі басшысын сынға алып, қатаң ескерту жасады.

Спортпен шұғылданам десеңіз…

Кеңес барысында мемлекеттік қызметкерлердің спортпен шұғылдануы жайында да сөз қозғалды. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында 3400-ден астам спорттық ғимарат тіркелген. ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можановтың айтуынша, салауатты өмір салтын ұстанамыз деген шенеуніктерге әр жаттығу залдарының есігі айқара ашық.

– Облыс орталығындағы мемлекеттік қызметкерлер көбінесе Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі мен орталық бассейнге барады, – дейді Асқар Байжігітұлы, – 2017 жылғы көрсеткіш бойынша жаттығу залдарында спортпен айналысуға 548 шенеуніктен өтініш келіп түсті. Спорт сарайындағы мұз айдынында сырғанаймын деушілер болса аптасына бір рет өзінің конькиімен бара алады. Сонымен қатар, жаңа салынған хоккей модульдері дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері мемлекеттік қызметкерлерге беріледі. Демек спортпен шұғылданғысы келетіндерге бар жағдай жасалған. Осы ретте, Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевты ерекше атап өткім келеді. Хоккей ойнауды ұнататын шаһар басшысы ШҚО бойынша волейбол федерациясының президенті.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ