Өңіріміздегі киелі орындар жайлы не білеміз?

1750
көрілім

Жаз лебі сезілісімен-ақ көпшілік маусымның мамыражай күндерін кәдеге жаратуды ойлап жатады. Бұл уақытта біріміз күн сәулесі көк айдынында ойнаған көл жағасын, біріміз жасыл желегі жайқалған тау-тасты саяласақ, енді біріміз ежелден киелі жерлерге барып қайтуды армандайтынымыз белгілі. Нуы мен суы мол, жасыл желегі жайқалған шығыс өңірінде шомылатын көлі де, саялайтын ағашы да жетерлік. Осы себепті өңіріміздегі киелі орындар туралы мәліметті оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы

Жидебай қорық алқабы Семейден 178 шақырым жерде Абай ауданы жерінде орналасқан. ХІХ ғасырда бұл Шыңғыстау баурайында, Қарауыл өзенінің бойында жатқан қырат еді. Атауы осы жерді Құнанбай, Өскенбай әулетіне дейін мекен еткен адам Жидебай есімімен аталған. Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы 1840 жылы Жидебайға қоныс тепті. Кейін Абайдың інісі Оспанның еншісіне қалдырып, Құнанбай өзі Ақшоқыға көшеді. 1894 жылы Оспан қайтыс болғаннан екі жыл өткен соң бұл қыстау Абай жайына айналды. 1945 жылы Абайдың 100 жылдық мерейтойына орай қыстау мұражай-үй ретінде қалпына келтіріледі. Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мемориалдық экспозиция жасалған. Ал, Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында мұражай әдеби экспозициямен толықтырыла түседі. Мұражай-үй экспозициясы 5 бөлме мен 2 дәлізде қанат жайған.

Арақашықтық: Облыс орталығынан Жидебай-Бөрілі кешеніне дейінгі аралық 400 шақырымды құрайтындықтан автокөлікпен орташа есеппен 5 сағат 30 минутта жетуге болады.

Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан Өскемен-Семей бағытында, ал Семейден Семей-Қарауыл бағытындағы автобуспен жетуге болады.

Қоңыр әулие үңгірі

Абай ауданындағы Шыңғыстау мекенінің батыс жағындағы Шаған өзенінің оң жағалауында орналасқан киелі саналатын үңгір. Қоңыр әулие үңгірінің биіктігі 3 метрден 25 метрге дейін жетеді, ұзындығы 100 м.-ден асады. Үңгірдің аузы тар, адам сиятындай ғана көлемде.Үңгірдің оң жағында тар қуыс кеңейе келе ұзындығы 12 м, биіктігі 5 метрдей үлкен бөлмеге ұласады. Оның теріскей жағында күмбез тәрізді биік төбесі бар бөлме тәрізді бөлігінің арғы түкпір жағында сулы көлшік бар. Көлшіктің суы емдік қасиеті бар деп саналады. Үңгірдің өзі және ішіндегі көлшіктің суы қасиетті саналып, ғасырлар бойы елдің тәу етіп, құрбан шалатын жеріне айналған. Бұл жерге ауырып-сырқаған, Алладан бала тілеген адамдар осы күнге дейін көптеп келіп жатады. Қазіргі кезде Қоңыр әулиенің басына келушілерге арнап қонақ қабылдайтын кешен тұрғызылып, толық қонақ қабылдау қызметі көрсетіледі. Үңгірдің айналасында көптеген қорымдар бар. Ол тарихта «жаугершілікте қырылған сарбаздардың қабірі» делінеді. Үңгір ішінде жаугершілік заманда талай адам жан сақтағандығы туралы аңыздар бар.

Арақашықтық: Облыс орталығынан Қоңыр әулие үңгіріне дейінгі аралық 420 шақырымды құрайтындықтан, автокөлікпен орташа есеппен 6 сағатта жетуге болады.

Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан Өскемен-Семей бағытында, ал Семейден Семей-Қарауыл бағытындағы автобуспен жетуге болады.

Қозы Көрпеш — Баян сұлу мазары

Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күмбезі — Х-ХІ ғасырларда тұрғызылған сәулет өнері ескерткіштерінің бірі. Мазар Аягөз ауданының Таңсық ауылына таяу, Аягөз өзенінің оң жағалауында орналасқан. Күмбездің табаны төрт бұрышты таған түрінде сырт жағынан ауданы 7,10 x 7,10 метр, ішкі жағынан 3,38 x 3,38 метр, жоғары қарай сүйірленіп, қүмбезделіп өрілген, биіктігі 11.65 метр. Еденінен күмбезіне дейінгі биіктігі 4,35метр. Қабырғасы гранит қалақ тастан сабан аралас балшықпен қаланған, қалындығы – 1,86метр. Кірер есігі шығысқа қаратылған. Құрылыс қазақ жеріне ислам діні тарамай тұрып салынған деген жорамал бар. Күмбездің жанында тас мүсіндер болған. Оcы тас мүсіндерді 1771 жылы Григорий Волошин, 1856 жылы Шоқан Уәлиханов қағаз бетіне нобайлаған. Онда қасиетті құтты ұстаған үш әйел мен бір еркек суреттелген. Халық аңызында үш әйелдің бірі — Баян сұлу, екіншісі – сіңлісі Айғыз, үшіншісі – апасы, ер адам – Қозы делінеді. Қазір мүсіндер жоғалып кеткен.

Арақашықтық: Облыс орталығынан Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазарына дейінгі аралық 411 шақырымды құрайтындықтан автокөлікпен орташа есеппен 6 сағатта жетуге болады.

Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан «Өскемен-Аягөз» бағытындағы автобуспен, ал Аягөз қаласынан пойыз арқылы Таңсық станциясына дейін жетуге болады.

Ырғызбай ата кесенесі

Ырғызбай ата кесенесі Тарбағатай ауданының аумағында орналасқан. 18-ғасырдың бел ортасында өмір сүрген Ырғызбай Досқанаұлы туралы қазақ тарихында көп кездеседі. Шығыстанушы ғалымдардың айтуынша, ол кісі мыңға жуық шөптің түрін жатқа танып, қандай ауруға, қалай қолданатынын білген. Сондықтан халық арасында «Ырғызбай әулие» атанды. Соңғы 15 жылда Ырғызбай жерленген «Күмісті» жайлауына үлкен тарихи кешен тұрғызылды. Мешіт және «Дала даналары» деген атаумен кітапхана салынды. Бүгінде онда тарих, медицина, техника саласын қамтитын 3 мыңға жуық кітап жиналған. Тіпті 17-18 ғасырда парсы және көне шағатай тілінде жарық көрген қисса-дастандар да бар.

Арақашықтық: Облыс орталығынан Ырғызбай ата кесенесіне дейінгі аралық шамамен 400 шақырымды құрайтындықтан, автокөлікпен шамамен 6 сағатта жетуге болады.

Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуат ауылына дейін таксимен жетуге болады.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фотосуреттер ғаламтор беттерінен алынды