Алты ай қытымыр қыстың азабын тартатын өңір тұрғындары жаз лебі сезілісімен-ақ маусымның мамыражай күндерін кәдеге жаратуды ойлап жатады. Бұл уақытта біріміз күн сәулесі көк айдынында ойнаған көл жағасын, біріміз жасыл желегі жайқалған тау-тасты саяласақ, енді біріміз әулиелер басын аралап қайтуды армандайтынымыз белгілі. Нуы мен суы мол, жасыл желегі жайқалған шығыс өңірінде шомылатын көлі де, саялайтын ағашы да жетерлік. Бұл жолы да оқырман назарына өңіріміздегі шомылуға ыңғайластырылған жағажайлары бар көк айдындар туралы ақпарат ұсынуды жөн көрдік.
Алакөл
Бір бөлігі ащы, бір бөлігі тұщы болып келетін Алакөл Қазақстандағы бірегей көлдердің бірі саналады. Көлемі бойынша еліміздегі суқоймалардың ішінде екінші орынды алатын көл тәулік бойы түрлі түске құбылып тұруына орай Алакөл атанып кеткен. Ерте заманда қолбасшылар жорықтан қайтқан қазақ әскерін осы көлге әкеліп, жаралы сарбаздарды көлдің шипалы суымен емдеткен. КСРО кезінде мұнда кеңестік ғарышкерлер келіп бойларын ғарыш радиациясынан тазартып отырған.
Алакөл Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының шекараласқан жерінде орналасқан. Көлемі 2700 шаршы шақырымды құрайтын көл теңіз деңгейінен 347 метр биіктікте жатыр. Тереңдігі 50 метр. Ұзындығы 102 шақырым, ені 54 шақырым. Жазғы уақытта 24-26 градусқа дейін жылитын көл суы кермек дәмді, теңіз суына ұқсас болып келеді.
Көлдің суы мен батпағы көптеген дерттің таптырмас емі болып табылады. Көк айдын суында Менделеев кестесіндегі барлық элементтер (йодтан басқасы) болғандықтан, дәрігерлер тері, тірек-қимыл апараты, жүйке жүйесі дертіне шалдыққан азаматтарға Алакөлде демалуды ұсынады. Дертіне дауа іздемей-ақ, жай ғана демалуға келген адамның өзі жанына жайлы рақатты осы көлден табады.
Арақашықтық: Облыс орталығынан Алакөлге дейінгі аралық шамамен 620 шақырымды құрайтындықтан, автокөлікпен 9 сағат 30 минутта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан «Өскемен-Үржар» бағытындағы ұшақпен Үржар ауылына дейін жетіп, ары қарай жеке такси қызметіне жүгінуге немесе «Өскемен-Алакөл» бағытындағы автобуспен Алакөлге дейін жетуге болады.
Бұқтырма суқоймасы
Алтай қойнауларында тылысым табиғаттың әсем жерлерінің аз емес екені рас. Соның бірі – алтын таудың баурайында орналасқан Бұқтырма суқоймасы. Суқойма ХХ ғасырдың 60-шы жылдары Ертіс өзенін бітеп, Бұқтырма ГЭС-ін салу үшін тұрғызылған алып плотинаның әсерінен пайда болған. Көлемі бойынша әлемдегі жасанды суқоймалардың ірілерінің бірі саналатын суқойманың көлемі 5000 шаршы шақырымды құрайды. Ұзындығы 400 шақырымды, ал тереңдігі 10 метрді құрайтын суқойманың суы жаз кезінде 28-30 градусқа дейін жылиды. Осындай көлеміне сай болар, Бұқтырма суқоймасын көпшілік теңіз деп атайды. Суқойманың әр жағасынан кездесетін ерекше жартастар, нулы ормандар, құмды жағажайлар мен күн сәулесі ойнаған айлақтар алыс-жақыннан келген демалушыларға естен кетпес саяхат әсерін сыйлайтыны анық.
Арақашықтық: Облыс орталығынан Бұқтырма суқоймасының бойындағы демалыс үйлеріне дейінгі аралық шамамен 105 шақырымды құрайтындықтан автокөлікпен 2 сағатта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан «Защита-Зырян» бағытындағы пойызбен Октябрьский кентіне дейін жетіп, ары қарай жеке такси қызметіне жүгінуге немесе «Өскемен-Жаңа Бұқтырма» бағытындағы автобуспен Бұқтырма жағасындағы демалыс үйлеріне жетуге болады.
Сібе көлдері
Бес көлден тұратын көлдер жүйесін гранит жыныстардан түзілген Сібе (Аблайкет) таулары қоршап жатыр. Су массивтері ірі геологиялық жарықпен бөлінген көлдердің барлығында белгісіз ағыстар кездеседі. Жалпы аумағы 31 шаршы шақырымды құрайтын көлдердің тереңдігі 2-ден 40 мтрге дейін жетеді. Көл суының мөлдіргі су астында аңшылықпен айналысатындарды және дайверлерді қызықтырады.
Арақашықтық: Облыс орталығынан Сібе көлдеріне дейінгі аралық шамамен 80 шақырымды құрайтындықтан автокөлікпен 1 сағат 20 минутта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан демалыс күндері таңғы сағат 8.00-де аттанатын «Өскемен-Сібе көлдері» бағытындағы автобуспен жетуге болады.
Тайынты көлі
Теңіз деңгейінен 1040 метр биіктікте жатқан Жоғарғы Тайынты немесе Шыбындыкөл Ұлан ауданының аумағында орналасқан. Көлдің орташа ұзындығы 1648, ені 550 метрді, ал тереңдігі 6,7 метрді құрайды. Оңтүстік жағалауын қылқан жапырақты орман көмкерген көлде алабұға, аққайран, торта балықтары кездесетіндіктен бұл айдын шомылумен қатар балық аулаушыларды да қызықтырады. Көл суы мен айналасындағы табиғаттың ауасы тыныс жолдары ауруларына шипа болары анық.
Арақашықтық: Облыс орталығынан Тайынты көліне дейінгі аралық шамамен 85 шақырымды құрайтындықтан, автокөлікпен 1 сағат 20 минутта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан «Өскемен-Самар», «Өскемен-Күршім» бағытындағы автобустармен Жоғарғы Тайынты ауылына дейін жетіп, ары қарай жаяу немесе такси көлігімен көл жағасына жетуге болады.
Айыр көлі
Көпшілік «Сартымбет», «Монастырские» деп атап кеткен көл Айыртау тауының маңында орналасқан. Жауын, қар және жерасты суларынан толығатын көлдің тереңдігі 7 метрді құрайды. Түбі сары түсті қатты жыныстармен көмкерілген көлге көбінесе бір немесе бірнеше күнді шатыр астында өткізуді ойластырған демалушылар келеді. Көлде балық аулаумен қатар, айналасындағы табиғаттың өзі қалаған ерекше тастақты көріністерді де тамашалауға болады.
Арақашықтық: Облыс орталығынан Айыр көліне дейінгі аралық шамамен 50 шақырымды құрайтындықтан автокөлікпен 1 сағатта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан «Алматы — Өскемен» тас жолы арқылы жүретін жолаушылар автобустарымен жетуге болады.
Дұбығалы көлі
Тұрғындар арасында «Окуньки», «Митрофаны» аттарымен белгілі көл сол маңда орналасқан Дұбығалы тауына байланысты аталған. Жаз мезгілінде кісі аяғы саябырсымайтын көл жағасы – ақылы. Туристердің жағажайға шатыр тігіп немесе кішігірім үйлерді жалға алуларына болады. Көл суы теңіз суы сияқты ащы, әрі құрамында радон мол болғандықтан, келушілер демалыспен қатар денсаулықты жақсарту жағын да ойлайды. Оның үстіне бұл аймақта адамдарды қансорғыш жәндіктер де мазаламайды. Қай балықшының болмасын қармағы бос қайтпайтын көлде мөңке, нәлім, алабұға, шортан сияқты балық түрлері жиі кездеседі.
Арақашықтық: Облыс орталығынан Дұбығалы көліне дейінгі аралық шамамен 80 шақырымды құрайтындықтан автокөлікпен 1 сағат 30 минутта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан «Астана-Өскемен» тас жолы арқылы жүретін жолаушылар автобустарымен немесе жеке таксимен жетуге болады.
Шүлбі суқоймасы
Ертіс өзенінің бойында орналасқан Шүлбі суқоймасының көлемі 225 шаршы шақырымды құрайды. Шүлбі су-электр станциясын салу кезінде пайда болған жасанды суқойма Семей қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Көптеген демалушылар мұнда балық аулау үшін келеді. Толқыны биік емес көк айдын беті кайтсерфингпен айналысатындар үшін таптырмайтын жер саналады.
Арақашықтық: Облыс орталығынан Шүлбі кентіне дейінгі аралық шамамен 174 шақырымды құрайтындықтан автокөлікпен 2 сағат 30 минутта жетуге болады.
Қалай жетуге болады? Облыс орталығынан Шүлбі кенті арқылы жүретін «Өскемен-Семей» бағытындағы автобуспен жетуге болады.