ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығында «ONKO WEEK VKO» конференциясы қорытындыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шара аясында онкологиялық орталық мамандары, сондай-ақ Алматы, Астана, Тбилиси және Санкт-Петербург қалаларынан шақырылған дәрігерлер онкоурология, онкогинекология және торокальды хирургия бойынша 13 ота жасады.
Орталық Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 30-ға жуық дәрігер үшін оқыту алаңына айналды. Олар жоғары технологиялық, шағын инвазивті оталарды жүргізу тәжірибесін үйренді.
- Осындай ауқымды іс-шараны өткізу – біз үшін үлкен мәртебе. Әріптестерімізбен ынтымақтастықтың арқасында қазақстандықтар үшін жоғары технологиялық медициналық көмекті қолжетімді етеміз, - деді ШҚО КОжХО директоры Гульмира Сагидуллина.
Тбилиси американдық госпиталінің урология бөлімшесінің басшысы, м.ғ.д. Давид Николеишвили мен жоғары санатты дәрігер-онколог, Санкт-Петербург фтизиопульмонология ҒЗИ торокалды хирургы Андрей Нефедов онкологиялық орталықтың жабдықталуы мен мамандар біліктілігін жоғары бағалап, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге сенім білдірді.
- Бұл конференцияның басты артықшылығы – отандық және шетелдік дәрігерлер бір-бірімен тәжірибелік және теориялық жағынан білім алмасты. Мен де осы орталықта 13 жыл жұмыс істедім. Бұл жердегі ұжым мықты әрі білікті дәрігерлерден құралған деп айта аламын, - деді Қазақ ОРҒЗИ онкоурология орталығының меңгерушісі, м.ғ.д. Хусан Умурзаков.
Үш күндік конференция барысында қатысушылар онкохирургияның заманауи тақырыптары бойынша баяндамалар оқып, қатерлі ісікті емдеудің заманауи әдістерін талқылады. Сондай-ақ дәрілік препараттарды қолдану тәжірибесімен бөлісті.