Бүгін ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығының мамандары өкпенің қатерлі ісігінің алдын алу мен емдеу тақырыбында баспасөз конференциясына қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өкпенің қатерлі ісігі – өкпе тінінің эпителий жасушаларында пайда болатын дерт. Қазақстанда өкпенің қатерлі ісігі онкологиялық аурулар құрылымында екінші, ал өлім жітім бойынша бірінші орында тұр. Биыл облыста өкпе обырының 122 жаңа жағдайы анықталды, науқастардың орташа жасы – 35-75 жас, максималды шыңы – 55-65 жас.
Мамандардың айтуынша, өкпенің қатерлі ісігі белсенді дамумен ерекшеленеді, оның клиникалық көріністері аурудың асқынған кезеңдерінде байқалады. Қазақстанда скринингтің жаңа түрі – кеуде қуысы мүшелерінің төмен дозалы компьютерлік томографиясы енгізіледі деп күтілуде. ТДКТ-ның стандартты флюорографиядан қарағанда артықшылығы көп. Оның көмегімен кеуде мүшелеріндегі кез-келген патологиялық өзгерістерді дер кезінде анықтауға болады.
- Орталықтың онкохирургиялық бөлімшесінде жетекші шетелдік клиникалардың тәжірибесі бойынша заманауи технологияларды енгізе отырып, кеуде қуысының органдары отасы жасалады. Ең озық әдістердің бірі – VATS-бейне-көмекші торакоскопия. Бұл тәсіл бір тесу арқылы шағын инвазивті жедел емдеуді жүргізуден тұрады, - деп атап өтті ШҚО КОжХО онкохирургия бөлімшесінің хирург-онкологы Тлеубек Нургалиев.
Хирургиялық емдеуден бөлек сәулелік және химиотерапия әдістері де кеңінен қолданылады. Орталықтың клиникалық-диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі Шолпан Нұрғалиеваның сөзінше, емдеу хаттамасы әр науқас үшін жеке таңдалады. Дертті растау үшін күдікті ісік гистологиялық түрде зерттеледі, сонымен қатар иммуногистохимиялық талдау жүргізіледі.
- Біз обырдың кейбір түрлері бойынша әлемдік стандартқа сай молекулалық-генетикалық зерттеулер жүргіземіз. Ген мутациясын анықтап, заманауи таргеттік препараттар мен иммунотерапияны қолданамыз, - деді ол.
Мамандар өкпенің қатерлі ісігін ерте анықтау үшін уақытылы флюорография, рентген немесе өкпенің төмен дозалы компьютерлік томографиясынан өту керектігін айтты. Бұл әсіресе шылым шегетін адамдар үшін маңызды. Егер қатерлі ісік ерте анықталса, оны емдеу де әлдеқайда тиімді.