Бүгін Глубокое ауданына қарасты Опытное поле ауылында ұйымдастырылған «Таза бейсенбі» акциясы аясында округ аумағы ретке келтірілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шараның максаты – жұртшылық назарын табиғаттың ластануы, қоршаған ортаны қорғау, тазалықты сақтау және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне аудару.
Аталған акцияны «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы мен Глубокое аудандық әкімдігі ұйымдастырды. Оған «AMANAT» партиясының ШҚОФ қызметкерлері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері, бастауыш партия ұйымдарының депутаттары мен мүшелері, ауыл тұрғындары, мекеме қызметкерлері белсене қатысты. Олар ұжымдық жинауға қатысып, ағаштар мен бұталарды отырғызып, қоғамдық орындарды жайластыруға атсалысты.
Жалпы «ТАЗА QAZAQSTAN» акциясы өңірдің басқа да қалалары мен аудандарында жалғасуда. Мәселен, Ұлан ауданында «Үздік ауыл» атағына конкурс ұйымдастырылды. Оған ауданның барлық 45 елді мекені қатысады. Акцияның тұрғындар арасында танымал болғаны соншалық, сенбіліктер қайта өткізіле бастады және байқау мерзімі маусым айының соңына дейін ауыстырылды. Ауылдар мынадай критерийлер бойынша бағаланады: тазалық, абаттандыру, тұрғындарды аумақтарды тазалауға тарту.
Айта кету керек, ШҚО бойынша «ТАЗА QAZAQSTAN» республикалық экологиялық акциясымен 15 мың ұйым мен заңды тұлға, 82 мың аула аумағы, 89 мың жеке тұрғын үй аумағы қамтылды. Сенбілікке 461 мыңнан астам адам қатысып, 6 мыңнан астам техника жұмылдырылды. 81 мың аула аумағынан 26 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Елді мекендерде 41,4 мыңнан астам көшет отырғызылды. Биыл Шығыс Қазақстанда барлығы 123,2 мың көшет отырғызылады.