Оралман емес, отандас болмақ

386
көрілім

Еліміздің Еңбек министрлігі оралмандар туралы заңнамаға жаңа өзгерістер енгізуді ұсынды. Олардың ішінде осыған дейін қолданылып келген "оралман" сөзін "отандас" деп өзгерту мәселесі де қарастырылған.

Жақында өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев оралмандар отбасыларын көшіріп әкелуге квоталардың белгіленген түрде беріліп жатқанын айтқан болатын. Осыған қарамастан тарихи отанына қайтып оралуды қалайтын отбасылар мен жалғызбастылар қатары көбеймесе, азайған емес.

Атап айтсақ, енгізілетін түзетулер көшіп келушілерге берілетін квоталардың түйткілді мәселелерінің бірі - жанұясы жоқ оралмандарға квота бөлуді түбегейлі шешпек.

Сондай-ақ, ораман мәртебесін тағы да үш айға дейін созуға мүмкіндік берілмек. Ол үшін көшіп келуші оралман мәртебесі аяқталғаннан кейінгі үш ай ішінде өтініш беруі тиіс. Сонымен қатар мемлекетіміз "оралман" сөзінен бас тартып, көшіп келушілердің мәртебесіне жақын отандас сөзін немесе соған ұқсас басқа түсінікті қолдануды көздеп отыр.

Облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, 2017 жылы өңірімізге құрамында 1007 адамы бар 484 этникалық қазақ отбасы көшіп келген екен. Олардың ішінде Қытайдан - 44, Өзбекстаннан - 12, Ауғанстаннан - 8, Қырғызстаннан - 1 отбасы көшіп келген.

Олар негізінен Үржар (307 адамы бар 144 отбасы), Зайсан (170 адамы бар 60 отбасы) аудандары мен Өскемен (121 адамы бар 90 отбасы) қаласында қоныстанған.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ