Өркениеттен қалған ауылдар

167
көрілім

Марқакөлдіктер интернет пен ұялы байланыстың жоқтығына шағымданды.

«Марқакөл аудан болып қайта құрылып жатыр. Ал оған қарасты ауылдарда қашан интернет пен ұялы байланыс дәуірі орнайды? Ауылдар «Цифрлы Қазақстанға» ене ме? Олардың жай-күйі қалай болмақ? Осындай сұрақтармен Марқа өңірінің тұрғыны редакциямызға хабарласқан-тұғын.

«Ғаламторға кедейміз»
Марқакөл Қытаймен шекаралас. Екі мемлекетті құмды таулар бөліп тұр. Күршімнен 200 шақырым жерде орналасқан. Аудан мәртебесінен айырылған Теректі округі (бұрыңғы атауы) қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің қолдауымен Марқакөл ауданы болып қайта құрылып жатыр. Шығыс Қазақстанның қорығы да осында, Азу мен Күршім жоталарының аралығындағы Марқа көлінің шегінде тұр. Қазіргі заман инновациясының аяғы бұл мекенге тимеген. Басқа ауылдар заманауи әлемнің шаужайына жармасса, мұндағылар баяғы қалпында.
- Ақжайлау, Қарашілік, Қайнарлы, Былғары Табыты, Ұрынқай, Шанағатты ауылдарында интернет пен ұялы байланыс ұстамайды. Шалғай ауылдар цифрлық жүйе тұрмақ, қарапайым ұялы телефонды байланыстан құр алақан қалған. Ақжайлау ауылында мұғалім болып бір жылдай қызмет еттім. Ауыл құрылған уақыттан бері әлі күнге дейін интернетке, байланысқа қосылмады. Ақжайлауда интернет ордасы да, білім ордасы да - мектеп. Оқушылар керек кезде мектепке барып ғаламторда отырады. Мұғалім болғандықтан бұл мәселе оқушылардың да, ата-аналардың да сорын қайнататынын білемін. Баяндамалар, электронды оқулықтар, әртүрлі сабақтарға арналған бағдарламардан біздің мекен қалып барады. Дамыған ғасырдың ауыл жастары «Цифрлы Қазақстаннан» алыстап баратындығы жанымызға батады. Интернетсіз, байланыссыз өмірдің қиындығының қайсы бірін айтайын. Бәрі де жауапсыздыққа, әділетсіздікке тіреліп отырған жоқ па?, - дейді Сандуғаш Серікова (аты-жөні өзгертілген)
Жақында ауылда 14 жасар оқушы жоғалыпты. Бұл жаңалық тұрғындарға лезде жетпеген.
- Дегенмен, көрші-қолан жиналып іздеуге бет алды. Ауыл балалары қалта телефондарын өздерімен бірге алып жүрмейді. Алса да, одан не пайда? Біраз уақыт тұрғындар ауыл ішін аралап, баланы іздеумен әлек болды. Әйтеуір, сәті түсіп жеткеншек аман-есен табылды. Туысының үйіне барып қонақтаған екен. Міне, бұл оқиғада байланыстың жоқтығы сезілді, үрей келген ата-анаға да, баланы жер-көктен іздеген бізге де. Ғаламторға кедейміз, бірақ уәжіміз ескерілетініне үмітіміз бар,- дейді Ақжайлау ауылының мұғалімі.

Әкімдік не дейді?
Ауыл тұрғындары ғана емес, жұмыс бабымен келгендер де, туристер де ғаламтордың зардабын тартып-ақ жүр. Күршім ауданы әкімдігінің берген жауабы бойынша ауыл бекітілген «ШҚО-ның елді мекендерін жоғары сапалы интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету туралы» Жол картасына сәйкес Ақжайлау ауылында 2024 жылдың соңында байланыс операторларын қолданысқа енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылдың соңына таман жеке үй шаруашылықтарына және мемлекеттік мекемелерге дейін талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жолға қойылды.
- Басқа ауылдарға келер болсақ, Ұрынқай ауылында 325 тұрғын бар. Дауыстық (2G) байланысы істеп тұр, интернет жоқ. Жол картасы аясында «Кар-Тел» ЖШС ұялы телефон операторын (Beeline сауда белгісі) 2024 жылдың соңына дейін енгізу туралы қол қойылған. Сонымен қоса «Ұрынқай ОСШ» КММ-да ұялы байланысты сынау мақсатында Starlink спутникті қолданысқа енгізуы мүмкін, - делінген ақпаратта.
Былғары Табытының халқы – 58 адам. Жол картасы аясында 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін «Шығыстелеком» ЖШС лицензиялық міндеттемелері бойынша 50-ден 250 адамға дейінгі ауылдарды кең жолақты интернеттің қолжетімділігімен қамтамассыз ету жоспарланған. Бұдан бөлек, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде 2027 жылдың соңына дейін жеке үй шаруашылықтарынан және мемлекеттік мекемелерге дейін талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жолға қойылған.
Қарашілікте халық саны – 185 адам. Байланыстың барлық түрі және интернет жоқ. Ауылды байланыспен және интернетпен қамтамасыз етуге «Шығыстелеком» ЖШС міндеттелген еді. Бірақ тапсырылған міндеттеме орындалмады (30.06.2023 жыл). Сондықтан, ҚР ЦДИАӨМ телекомуникациялар комитеті басқа ұялы байланыс операторларын жұмылдырып, сот арқылы радиожиілік спектрін пайдалану рұқсатын қайтарып алу бойынша жұмыс жүргізуде.
- Қайнарлыда да Жол картасы бойынша байланыс пен интернетті тарту жұмыстары 2024 жылға дейін жоспарланса, «Қолжетімді интеренет» жобасында бекітілгендей, талшықты-оптикалық байланыс желісін салу 2026 жылға дейін мақсат етіп қойылды. Шанағатты ауылында тұрғындар саны – 71 адам. «Қолжетімді интеренет» жобасы аясында талшықты-оптикалық байланыс желісін 2026 жылға дейін қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмыз, - деп жауап берді Күршім ауданының әкімдігі тұрғындар шағымына.

P/S:
Өңірде өркениет керуенінен қалып бара жатқан ауыл-аймақ көп. Өкініштісі, интернеті жоқ ауылдар толықтай «Цифрлы Қазақстанға» қашан өтетіні әлі де өзекті сұрақ. Ең маңыздысы,  Марқа өңірі болашақтан зор үміт күтуде, ал оны іске асыратындар бір саңылауын табар.

Валентина ГЕОРГИЕВНА