Облыс орталығының тұрғыны саяжай аумағында қанаты жаралы жапалақты құтқарып, жергілікті зообаққа тапсырды.
Құсты өткен демалыстарда саяжайына демалуға барған облыс орталығының тұрғыны байқаған. Балық аулауға шыққан ол қалың бұтаның ішінде ұша алмай жүрген жапалақты көреді.
- Бастапқыда мен оны бір нәрсеге оралып қалған ба деп, босатпақ болдым. Алайда жапалақ атып шығып, жерге қайта қонды. Қанаты зақымданған сияқты, - дейді қала тұрғыны.
Құсты өзімен бірге алған ол жануарлар құқығын қорғаушыларға хабарласқан.
- Біз жапалақты торға қамап, ертеңінде Солжағалау кешеніндегі зообаққа апардық, - дейді "Дворянин" жануарлар құқығын қорғау қоғамының төрайымы Лариса Прокопьева.
Мұражай-қорықтың қызметкерлері қазіргі уақытта құстың жағдайы жақсарғанын, әзірге карантинде екенін айтты. 45 күндік карантиннен соң жапалақ зообақтың тұрғынына айналуы мүмкін екен. Ал біздің аталмыш құстың жапалақтың қай түріне жататындығы жөніндегі сұрағымызға орнитолог мамандар оның құлақты жапалақ екенін алға тартты.
Ерелн ОСМАНОВ