Осы мақалаға арқау болған жерлесіміз жайлы ақпараттар іздестіргенде түрлі мәліметке қанық болдық. Тар кеңістікте тарықса да жауды дәл нысанаға алып, соғыс өрті қызған жерге кіріп кету үшін шеберлік керек. Бородулиха ауданына қарасты Қызылқұм ауылында кіндік қаны тамған Ғали Әділбековтің танкист ретіндегі ерлігі жиі айтылып жүргенін құлағымыз шалмапты. Тіпті кейбір естеліктерде жерлесіміз 42-жылдың қазан айында қаза таппағанда, кейін ірі әскери қолбасшыға айналуы мүмкін екендігі жазылды.
Танк батальонын басқарды
Ең алдымен Ғали Әділбекұлының туған жерін нақтылау үшін наурыз айының 17-сі күні Абай облысы әкімдігіне сұраухат жіберген болатынбыз. Ары кеткенде сәуірдің соңына дейін тұщымды жауап алармыз деп ойлап едік, немкетті жазылған 3-4 сөйлем қолымызға тиді. Оның өзінде соғыс ардагері туралы ешнәрсе жазылмаған. Батырын осылай ұлықтаған өңірді алғаш көрдік. Жә, ақпарат әзірлеудегі салғырттыққа тоқталамыз дегенде хас батыр туралы мәліметке орын қалмайтын сияқты. Тағы бір айта кетерлігі, архив пен кітапханадағы деректердің жұтаңдығына қарай екінші дүниежүзілік соғыс туралы естеліктер мен түрлі тарихи ақпар мақаланың жазылуына негіз болды.
Кейіпкеріміз 1908 жылдың 1 қаңтарында туған. Жастайынан жетімдік қамытын киіп, атасы Әділбектің тәрбиесін көріп өскен. Марқұм әкесі көзі тірісінде Семейдегі кемежайда жүк тиеуші, анасы үйдің жұмысын дөңгелеткен іскер жан болған деп жазылады. Ғаламтор деректерінде тұрған мекенжайлары да көрсетілген – Болотная көшесі, 76 үй. Алайда жерлесіміз небәрі төрт жаста болғанда анасы өмірден өтеді. Әкесі Әділбек Әділбекұлы мүгедектік алған соң Ақтөбеге атбасын бұрып, сол жақта ауыл байының қоластында жұмыс істеген көрінеді.
1925 жылы Қызыл әскер қатарын өз еркімен барады. Дәл осы кез туралы бірқатар естеліктер жазылған. Аз уақыттан соң Ташкент қаласында Ленин атындағы Біріккен Орта Азия әскери мектебінде дәріс алып, 43-кавалериялық полк сапын толықтырады. Соғыс басталмай тұрып Қызылқұмның тумасы Мәскеудегі И.В.Сталин атындағы Бронды танк әскерлері академиясында оқыды. Мақтанышпен айта кетерлік жайт, Ғали Әділбеков осы академияны бітірген жалғыз қазақ. Ал қан майдан басталған 41-ші жылы 102-ші танк полкіндегі танк батальонінің командирі ретінде қызметке кіріседі. Жалпы, Кеңес одағы көлемінде қазақтан шыққан танкистер ілуде біреу. Тізімдерге көз жүгіртсек, кілең өзге ұлт өкілдері. Солардың қатарында жүріп, әскери білімін толық алған жерлесіміз 41-ші жылдың шілдесінде 110-шы танк дивизиясы танк батальонының командирі атанды. Соғыс туралы жазбаларға зер салсақ, бұл уақытта аталған дивизия Смоленск қаласына жол ашып, қоршаудағы әскерді құтқару үшін немістің 7-ші танк дивизиясына бірнеше мәрте соққы жасап үлгерген. 41-ші жылдың күз айында 110-шы танк дивизиясы 141-ші, 142-ші болып екіге бөлінді. Сонда жерлесіміз 141-ші танк бригадасында ауыр және орташа танктердің 1-ші танк батальонын басқарды.
Днепр түбіндегі табандылық
Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, кейін Кеңес Одағының маршалы атанған Иван Якубовский «Земля в огне» деген естелігінде семейлік Ғали Әділбековтің ерлігін ерекше атап өтеді.
– Басқыншылар бейбіт жұртты бомбалап бастағанда алғашқы сәттерден батыл қимылдаған қаһарман жігіттер аз болмады. Сондай командирлердің бірін айрықшалап айтпасқа болмас. Сөз еткелі отырғаным, ұлты қазақ, подполковник Ғали Әділбеков туралы. Ғали Әділбекұлымен 42-ші жылдың қаңтар айынан таныс едік. Содан бері 121-ші танк бригадасы қатарында бірге шайқастық. Айқас кезінде әркез өжеттік танытып, әскери қимылдарды шебер ұйымдастыра білді. Соғыстан бір сәт тынығып, жігіттермен топтасып отырғанда қарапайымдылығымен көзге түсетін, – делінген өзі жазған естелігінде.
Жерлесіміз ата-анасынан айырылған соң Семейдегі №3 Балалар үйінде тәрбиеленген болатын. Иван Якубовский оның осы тұрғыда қатал өмірге ерте бейімделгенін жазып, 1930 жылдары Қарақұм құмында өткен қарулы қақтығыста ерлікпен шайқасып, сол уақытта алғашқы жарақат алғанын жазады.
1942 жылы Ғали Әділбеков басқарған батальон 20-дан астам танк пен бронды машинаны қатардан шығарған. Осыны ескерген жоғарғы қолбасшылықтағылар оны «Қызыл ту» орденімен марапаттайды. Кескілескен ұрыс көктемнің алғашқы айларына дейін толассыз жүргізілген. Тек мамыр туа Қызыл әскер танк бригадасын күшейтіп, біршама бөлігі Украина қалаларына жіберіле бастады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1942 жылдың мамыр-тамыз айлары аралығында жерлесіміз Мәскеуде командалық құрамның академиялық біліктілігін арттыру курстарында оқып, кейін 47 танк бригадасын құрумен айналысты. Сөйтіп, 1942 жылдың 19 қыркүйегінде осы бригаданың командирі атанды.
Иван Якубовскийдің жазбасына сүйенсек, Ғали Әділбеков Днепр түбіндегі соғыста ерекше көзге түскен. Гвардиялық танк полкін басқарып, ылди мен шұңқырға қарамай шынжыр табандыны шебер басқарды.
– 43-ші жылдың қазан айында қапияда қаза болмағанда, офицердің кейін ірі қолбасшы деңгейіне жетуі әбден мүмкін еді. Сол уақытта қолбасшылар мен жауынгерлер Козельск операциясы, Харьков пен Острогожск-Россошанский түбіндегі қан майданға араласты. 1943-ші жылдың шілдесінде 3-ші гвардиялық танк әскері Брянск майданының құрамына еніп, ары қарай Курск түбіндегі «қасапқа» жол тартты, – деген.
Ғали Әділбеков солдан оңға қарай екінші
Манштэйнің мыңдаған ұшағы
Кеңес өкіметі үшін көп тұрғыда стратегиялық маңызға ие болған Морозовская станциясы маңындағы қақтығыс та көп жерде жазыла бермейді. Ресейдің өлкетану мұражайы өзінің ресми сайтында Гитлер жасағы басып алған теміржол станциясының суретін жариялапты. 1942 жылдың желтоқсан айында қар әлі қалың жауа қоймаған кез екен. Жерлес танкист өзіне түскен бұйрықпен әскери операция орындау кезінде бұл жақты да шынжыр табандымен таптап өткен. Таптап қана қоймай, неміс әскерімен бетпе-бет жолығып, бірден соғыс қимылдарын бастап кетеді. Бұл ескірген жазбалардың бірінде әлі сақтаулы.
– Сап түзеп, қан майданға бет алған Ғали Әділбеков тізгіндеген танк ойда-жоқта жау қолымен ұшырасады. Бір жерге топталып, қарсыласқа едәуір шығын келтірген, – деп жазылды.
Немістердің Морозовская станциясын басып алуларының салмақты себебі бар. Ең алдымен мұндағы теміржол Сталинградқа апаратын даңғыл еді. Соны бақылау арқылы Гитлер қолы кеңес әскерінің ас-су мен қару-жарақ жеткізілмеуін қадағаламақ болды. Сталинград түбіндегі шайқастың екі тарап үшін де шешуші саналғаны сөзсіз. Ата-ана жылуынан ерте қағылған азаматтың ауыр жарақат алған сәті де осы. Танк ішінде өртенсе де, соңында жаны аман қалды. Тарихи ақпараттарға зер салсақ, қызы Роза Әділбекова осы жөнінде естелігімен бөліскен.
– Шайқаста әкем ауыр жарақаттанды. Майдандастарының қойын дәптеріне түртілген қоңыр ойларында оның соғыстың қызған тұсына ұмтылып, ерлік жасауға асығып тұратыны жазылған. Бірде танкте жарылыс болып, ішін өрт шалды. Өне бойы әбден күйген әкем Мәскеудегі госпитальде жатып, жарты жыл ем алды. Уақытын құр өткізбес үшін бронды танк академиясын тәмамдап үлгерді. Сол аралықта Семейге он күнге келіп кетті. Түрі адам шошырлық еді: шашы, қабағы мен кірпіктері түгел күйіп кеткен. Беті жаңа туған нәрестенің жүзіндей қызғылт. Осы бір бақытты шағымыз бір-екі күндей зулап өте шықты. Әкемізді содан кейін көрмедік, – делінген жазбаларда.
Мана Днепр түбіндегі ұрыс деп бір жаздық. Ондағы кескілескен айқас 1943 жылдың 26-шы тамызында басталды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, генерал Иван Черняховскийдің қолбасшылығымен 60-шы әскердің қалың жасағы 6500-нан астам тұрғыны бар Севск қаласының оңтүстігіндегі неміс басқыншыларын тықсыра қуып тастады. Географиялық жағынан алсақ, бұл жерлесіміз айқасқан Брянск майданының маңайы. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Константин Рокоссовский майдандағы ең негізгі жасақты топтастырып, қоршай бастаған жаудың бір бүйірін бұзып өтті. Көптеген әскери қолбасшылар мұны стратегиялық жағынан ұтқыр қадам деп жазды. Севск аумағындағы соғыс басталмас бұрын 1 миллион 250 мыңдай неміс әскерін бастап келген генерал-фельдмаршал Эрих фон Манштэйн кеңес әскерін күйретемін деп 2,1 мың танк пен екі мыңнан астам ұшақты сақадай сай етіп қойған. Б.Ельцин атындағы кітапхананың ресми сайтында осылай жазылды.
Қазан айындағы қаза
Днепр маңындағы майданда танкті шебер басқарып, қарсылас екпінін қайтара білген жерлесіміз 1943-ші жылдың қыркүйегінде Букрин плацдармын ұстап тұру үшін 47-ші жеке танк полкімен кезекті айқасқа кіреді. Танк әскерінің генерал-майоры Константин Малыгин Букрин плацдармы туралы «қанды операция» деп баға беріп, бородулихалық соғыс ардагері туралы бір естелігінде былай депті:
– Ғали Әділбековтің 47-ші гвардиялық танкі полкі бірден үздік шықты, – дегені бар.
Әке-шешесінің махаббатына жарымай өскен ұл келер ұрпақ кеңшіліктен қол үзбесін деп өзі мінген танкіні жау жағына жақындата берді. 1943-ші жылдың қазанында кеңес әскері Киевті азат ету үшін екі мәрте жорық жасап, екеуі де сәтсіз шығады. Ал Ғали Әділбеков Луковицы маңындағы қыстақта танк шайқасы кезінде көз жұмады. Ресми мәліметтерге зер салсақ, ол өмірден озған кезде гвардия подполковнигі және жеке гвардиялық танк полкінің командирі шеніндегі Орта Азиядан шыққан жалғыз өкіл болды.
Кейіпкеріміз Украинаның Киев облысы, Луковицы ауылындағы жаппай зиратқа жерленіпті. Танкілік ұрыстың шебері екені қанша рет дәлелденсе де, Кеңес Одағының Батыры атағы берілмеген. Көзі тірісінде «Қызыл ту» орденінен бөлек, «Сталинградты қорғағаны үшін» медалін алды. Қаза болған соң «Қызыл ту» ордені тағы бір рет берілді.
Оның есімі мектеп оқулықтарында да, тіпті Ұлы Отан соғысы туралы кітаптарда да жоқ. Ол тұрмақ, өзі туып-өскен Абай облысының әкімдігінде бұл туралы еш мәлімет сақталмаған сияқты. Бәлкім, қабылдау бөліміндегілер жылы орындарынан жылжып, бар ақпаратты ұсынуға ерінді. Анығы сол, хас батырдың есімі қазіргі буын, ертеңін ұмыта бастаған көпшілік үшін өз деңгейінде дәріптелмей келеді. Танкінің ішінде өртеніп, өлім ауызынан аман қалған жан жерлестерінің жадынан шығып кетпес екен.
Әділхан ЕСІМХАНОВ (Суреттер ашық дереккөздерден)