Өскемен әкімі соғыс және тыл ардагерлерін арнайы құттықтады

1678
көрілім

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар соғыс және тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтады.

Жеңіс күнінің 77 жылдығы қарсаңында шаһар басшысы еңбек ардагері Қазиза Мағажанованың үйіне бас сұқты. 1928 жылы дүниеге келген кейуана бүгінде 94 жасқа келіп отыр. Тарбағатай ауданына қарасты Маңырақ ауылында туған ол «Еңбек ардагері», Жеңіс күніне арналған 60, 65, 70 жылдық мерейтойлық медальдармен марапатталған. Жақсылық Омар ардагерді мерекемен құттықтап, ізгі тілегін арнады.

- Қазақта сіздей жандарды – сүйегі асыл адамдар дейді. Ғасырға жуық ғұмыр жасап, артыңыздан саналы ұрпақ қалдырдыңыз. Құдай көрген қызықтарыңызды көбейте берсін. Өзіңіздей көне көз қарияларды көргенде қуанамыз. Ауылдағы өз апамыз еске түседі. Деніңіз сау болсын, ең бастысы. Немере-шөберелеріңіздің қызығын көріңіз!, - деді Жақсылық Омар.

Әкім Қазиза Мағажановаға гүл шоғы мен сыйлық табыстады. Ризашылығын білдірген қарт әже өзінің өмірі жайлы сыр шертті.      

- Еңбек жолымды 15 жасында Маңырақ ауылында ауылдық кеңесте хатшы болып бастадым, - деп еске алды ол. - Одан кейін талай жылдар есепші болып еңбек еттім. Біздің заман қиын болды ғой. Қазіргі бейбітшілік күнге шүкір дейсің. Бала-шағамның арқасында ештеңеден тарлық көріп отырған жоқпын.

Әжеміз адам аттары мен маңызды жылдарды әлі күнге дейін ұмытпапты. Күні кеше болғандай баяндап отыр. Бүгінде 2 баласынан 6 немере, 2 шөбере сүйіп, қызықтарын көруде. Қазиза апаның Алматыда тұратын қызы Әлиден басқа балалары мен немерелерінің барлығы Өскемен қаласында тұрады. Адал еңбекпен жұмыс істеп, ел қатарлы ғұмыр кешуде.

Осы шаңырақтан шыққан соң қала әкімі марапатталған тыл еңбеккері Клавдия Гаврилконың үйіне келді. 1930 жылы 12 тамызда Жарма ауданы Терентьевка ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген ардагер тұрмыстарының төмендігінен мектепті де бітіре алмаған. Жастайынан ересектермен бірге колхозда еңбек етті.  

Қала әкімінің құттықтауынан марқайып қалған Клавдия Гаврилко соғыстың қиындығы туралы өлең де оқып берді. Бір көзі көрмей, екі құлағы дұрыс естімей бара жатқан қарт кісінің санасы әлі сергек екен.

 

«Соғыс жылдарында жасөспірім едік. Соғыстың барлық ауыртпалығын сезіндім. 13 жасымда тракторшы курстарын жақсы меңгеріп алдым. 1944 жылы колхозда ДТ-54 маркалы шынжыр табандығы мініп, жер жыртып, еңбек еттім. 8 жыл трактор айдадым. Құрылысшы да болдым. Біздің көрмегеніміз жоқ қой», - дейді тыл еңбеккері.

Үшінші болып Жақсылық Омар Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушысы Александра Саратовцеваның үйіне табан тіреді. 1925 жылы 12 қазанда кіндігі кесілген ол 19 жасында майданға шақырылған. Құрылыс бригадасында жұмыс істеді, көпірлер салған Александра  Тихоновна оқ пен оттың ортасында жүрген.

Днепр арқылы өтетін көпірді алты ай бойы салдық. Жеңіс күнін Польшаның Нови-Санч қаласында қарсы алдым. Соғыстан кейін балабақшада, Ақтөбе қаласындағы мектепте комендант болып жұмыс істедім. 2019 жылдың аяғында Өскемендегі қызыма көшіп келдім. Қазір осы қызымның қолында тұрып жатырмын, - деді Александра Саратовцева.

Ардагер өзін құттықтап, сыйлық табыс еткен қала әкіміне рахметі мен бір арман-тілегін жеткізді. Ол Ресейдің Краснодар қаласында тұратын бауырын келместің кемесіне мініп кетпей тұрып бір көргісі келеді.

- Бауырыңызға ұшаққа билет алып беріп, барып-қайтқан шығынын өзім көтеремін. Осы тілегіңізді орындауға уәде беремін. Қазір коронавирустың беті қайтып, карантиндік шектеулер жеңілдетілді. Сондықтан сіздерді қауыштыруға еш кедергі жоқ деп ойлаймын, - деді Жақсылық Омар.

Мұны естіген Александра Саратовцева қатты қуанып, әкімге шынайы ризашылығын, ізгі тілегін жеткізді.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ