Өскемен қаласының әуежайында коронавирус инфекциясы күдігі бар адамды анықтау мақсатында оқу-жаттығу өтті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Жоспарға сәйкес 4 ақпан күні диспетчерге ұшақ бортында коронавирус инфекциясының белгілері бар жолаушы анықталғанын хабарлайды. Сол сәтте бортқа дереу арада қорғаныш костюмдерін киген санитарлық-карантиндік орталық мамандары көтеріледі.
Анықталғандай жолаушы соңғы екі аптада Қытайда болғаны, Өскемен қаласына туысына қонаққа келе жатқаны белгілі болады. Дене қызуын өлшейтін тепловизордың көмегімен науқастың температурасы өлшеніп, «инфекция жұқтырды» деген күдікпен жедел жәрдем келгенше күту үшін әуежайдың санитарлық-карантиндік станциясына жеткізілді.
Жаттығу барысында арнайы даярлықтан өткен мамандар инфекция белгілері байқалған науқасқа медициналық көмек көрсету, зертханаға биологиялық материалдар жинап, оны арнайы капсулаға салып, қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізу жолдарын түсіндірді.
- Аз уақыт ішінде коронавирус жұқпасы көптеген елдерге тарап кеткені белгілі. Инфекция біздің аймаққа да еніп кетпеуі үшін осындай оқу-жаттығу шараларын жиі ұйымдастырып тұрған жөн. Бүгін біз коронавирус инфекциясының белгілері бар науқасты анықтау мақсатындағы дайындығымызды пысықтадық. Жұқпалы дерт ауруының белгілері табылған жағдайда жедел жәрдем келгенше біз науқасты оқшаулай аламыз, - деп түсіндірді Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті санитарлық-карантиндік бақылау бөлімінің бас маманы Анар Сабырбаева.