Өскемен гарнизонында әскери қызметшілердің балаларын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

1501
көрілім

Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыстарды ұйымдастыру қызметі көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған әскери қызметшілерге сыйлықтар табыстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Отбасылық мереке саналатын Жаңа жыл қарсаңында Өскемен гарнизоны 27943 әскери бөлімінде гарнизон басшылығы және отбасымен жұмыс жөніндегі қызмет балаларға арналған шара өткізді.

- Пандемия кезінде балаларға Жаңа жылдық ертеңгіліктер өткізуге шектеу қойылса да, балаларды елеусіз қалдырмайық деп осы шараны ұйымдастырдық. Демеушілердің берген сыйлықтарын барлық санитарлық-эпидемиологиялық норма талаптарын сақтай отырып табыс еттік, - деді әскери тәртіп бойынша аға офицер майор Серік Қалдыбеков.

Мүмкіндігі шектеулі Мұхаммед Әлидің анасы Самал Құджамолдаева осы іс-шараны ұйымдастырушылар мен демеушілерге алғысын білдіріп, Жаңа жыл қарсаңында ұлын назардан тыс қалдырмай, сыйлық жасағандарына шексіз риза екенін атап өтті. Көпбалалы отбасылар атынан 27943 әскери бөлімі 2-мотоатқыштар батальонының взвод командирі 3-сыныпты сержант Дәулет Құрманғалиұлы осындай іс-шараны ұйымдастырған қызметке ризашылығын білдірді.

Шара соңында әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі демеушілерге алғысын білдіріп, бұл шараны ұйымдастырудағы басты мақсат балаларды қуанту екендігін жеткізді.