Өскемен гарнизонында мамандықтар бойынша даярлық аяқталды

1407
көрілім

2021 оқу жылының бірінші кезеңіне арналған жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес, Өскемен гарнизонындағы Халық Қаһарманы Қ.Қайсенов атындағы әскери бөлімде барлық санаттағы әскери қызметшілермен мамандық бойынша даярлық аяқталды.

Негізгі мақсат – әскери қызметшілердің бөлімдегі жеке құрамның функционалдық міндеттерін, штаттық қару-жарақ пен әскери техниканы зерделеуі, атуды, штаттық байланыс құралдарымен жұмыс істеуді және алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйрету. Сабақтар әрбір әскери мамандық бойынша жеке өткізілді.
«Бүгінгі таңда дайындықтан шамамен 1100 әскери қызметші өтті. Оларға 1300 адам жұмылдырылып, 75 оқу тобы, таңдалынып алынған
170-дан аса тәжірибелі нұсқаушы-сержант, 62 жетекшімен оқу-материалдық, сонымен қатар әскери техника және оқ-дәрілер бөлінген. Еліміздің Қарулы Күштерінде тек сауатты, өз ісін жетік білетін жоғары білікті мамандар қызмет етуі тиіс. Сондықтан әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығының жеке түрі ретінде арнайы дайындыққа ерекше көңіл бөлінеді», - деді Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы әскери бөлім командирі подполковник Аслан Кітапбаев.
Әскери қызметшілер оқу топтарының құрамында жұмыс істеді. Аталған оқу даярлығын жауынгерлік сайыстар мен оқу-жаттығулардың үздіктері мен жүлдегерлері атанған тәжірибелі әскери мамандар, нұсқаушылар жүргізді.
Мәселен, мотоатқыштар бөлімшелерінде ЖӘҰМ (жаяу әскер ұрыс машиналарының) көздеуші-операторлар сияқты мамандар бар. Олар берілген мақсаттарды дәл және нақты жоя білуі және экипаж құрамында үйлесімді жұмыс істей алуы тиіс.
«Мамандық бойынша дайындық кезінде біз көздеуші-операторларды зеңбіректен ату және онымен қосарланған пулеметтен ату ережелерін үйретуіміз керек. Бұл машықтардың барлығы әскери қызметшінің кәсібилігін арттыру және өз мамандығы мен ұрыстағы мақсатын дұрыс түсіну үшін қажет», – деді көздеуші операторлардың нұсқаушы-сержанты, армия халықаралық ойындарының «Суворов тегеуріні» сайысына қатысушы аға сержант Ерасыл Маратов.
«Мамандықтар бойынша дайындықтан өттім, ЖӘҰМ-2, 2А42 автоматтық 30мм зеңбірегі және онымен жұптасқан ПКТ пулеметінің ерекшеліктері мен қолданылуын меңгердім. Әлі де үйренерім көп», - деді 27943 әскери бөлімінің көздеуші-операторы қатардағы жауынгер Дмитрий Демченко.

Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі