ҚМДБ Өскемен аймағының аудан, қала имамдары жылдық есеп берді. Есеп беру шарасы облыстық «Халифа Алтай» мешітінде болып өтті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
-Діни басқарманың негізгі төрт бағытын өңірде жүзеге асыру мақсатында бірқатар шаралар атқарылды. Іс-шаралардың іске асуына, халықтың және мемлекетіміздің қолдауы зор болды. Әрбір жасаған шараларымыз қоғамдағы рухани тұрақтылықпен тыныштықты баянды етуге бағытталды, - деп атап өтті ҚМДБ Өскемен аймағының бас имамы Ермек Қасболатұлы.
Есеп беру жиынында аудандармен қалалық мешіт имамдары бір жыл бойы атқарған барлық шараларынан есеп беріп, жасалған бастамаларға кеңінен тоқталды.
Атап айтқанда Ақсуатта «Ұранхай қажы» мешіті «Тегін дүкен» ашып, аптасына 1 отбасыны киіндіріп және азық-түлікпен көмек көрсетіліп отыр. Шекара шебіндегі Шемонаиха ауданында жаңа мешіт құрылысы басталып, Риддер қалалық «Д.Қонаев» мешіті ЖАНТ шарасы бойынша жиындар жасаған болса, Ақжар ауылдық «Байжігіт баба» мешіті «Мектепке жол» акциясы бойынша көпбалалы отбасыларға көмек көрсетуге және рухани-танымдық істер атқаруға баса маңыз бергендігін айтып өтті.
Өңірге қарасты барлық мешіттер төрт бағыт бойынша нақты шаралар атқарғандығын жеткізді. Сонымен қатар 30 күн бойы ауызашар беру, мұқтаж отбасыларға үнемі қайырымдылық жасау, діни сауаттылықты арттыру бағытындағы істер атқарылған.
Есеп беру барысында өңір бойынша бас имам аудан, қала имамдарына 2019 жылы жасалған істердің одан әрі жетілдірілетін тұстарын атап, арнайы тапсырмалар берді.