Өскемен қаласының аумағында ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралардың орындалу барысы жұмысы қалалық әкімдіктің кезекті отырысында талқыланды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Қаланың кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары Серікхан Кудебаевтың айтуынша, ветеринариялық-профилактика шараларына 14 млн.теңгеден аса қаржы бөлініп, оның 8 млн. теңгесі игерілді. Өткен жылы 59,8 мың бас вакцинациялаудан өтсе, биыл 79 мыңнан артық мал басына аурудың алдын алу жұмыстары жүргізілді.
– Негізгі міндетіміз тұрғындардың денсаулығы. Сондықтан 2019 жыл бойы диагностикалық зерттеулерге үлкен мән береміз. Қаладағы ет-сүт тасымалдау, сатумен айналысатын 159 нысан қатаң бақылауда. Себебі бруцеллез ауруы төмендемей тұр. Жыл басталғалы бері өткен 33 жәрмеңкенің өнімдерін де мамандар арнайы тексерді. Алдағы уақытта аталған жұмыстар әлі жалғасын табады, – дейді Серікхан Кудебаев.
Айта кететін жайт, қаладағы қаңғыбас иттер мен мысықтар санын азайту шаралары да алдыңғы қатардағы мәселенің бірі. Бұл ретте 250 ит пен 70-тен аса мысыққа арнайы ветеринариялық екпелер салынған.
– Қала көшелерінде әлі де қаңғыбас иттер жортып жүреді. Олар үлкен қауіп төндіреді. Әсіресе балаларға шабуыл жасау фактілері орын алатынын білеміз. Сондықтан бұған бейжай қарамау керек. Сол сияқты қалаға жақын аудандардан келген мал етіне де сақ болып, қажетті құжаттарын мұқият тексеру керек. Бұл ретте тиісті қаражат мөлшерін қарастыратын боламыз, – деді шаһар басшысы Жақсылық Омар.