Арнайы камералар қаланың бес жерінде көлік жүргізушілердің жол ережесін сақтауы мен қоғамдық тәртіпті бақылайтын болады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Қала әкімі 15 шілдеден бастап алғашқы бес «Сергек» бейнебақылау жүйесі іске қосылатынын айтты. Тіркелген заңбұзушылықтар мен жол ережесін бұзу фактілеріне әкімшілік шаралар қолданылады.
Бейнебақылау камералары келесі мекенжайларда:
Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 29. 45-дәріхана маңы
Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 56. "Металлург" саябағы маңы
Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 80. "Валентина" СҮ маңы
Ертіс жағалауы, Ғашықтар аллеясы маңы.
Славский атындағы жағалау, 40
– «Сергек» автоматты жүйеде жылдамдықты асыруды және жол белгісі сызығы мен тоқтау сызығынан асып кету жағдайларын тіркейді, – дейді Жақсылық Омар. – Бұған қоса, камерадағы мәліметтерді оператор үнемі бақылап отырады. Мысалы қауіпсіздік белдігін тақпау немесе көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлесу оқиғалары да назарға алынып, құқыққорғау органдары қызметкерлерімен қаралады.
Айта кету керек, мұндай жүйе қалада алғаш рет іске қосылмақ. Алдағы уақытта қаладағы 74 көше қиылысының барлығына орнату жоспарда тұр. 75 жол байланысы учаскелерінде «Сергек» қызмет атқармақ. 2700 бейнебақылау камерасы қоғамдық тәртіпті назарға алады.
Жақсылық Омардың айтуынша, тұрғындар қала көшелеріндегі жүйе іске қосыларда алдын ала хабардар болады.