Кеше «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 27943 әскери бөліміне Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген 210 жас сарбаз салтанатты түрде саптық алаңда Әскери ант қабылдады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
- Бүгінгі күн сіздердің өмірлеріңіздегі тарихи күн. Әскери ант қабылдай отырып, Сіздер біздің Тәуелсіз Қазақстанымыздың Отан қорғаушылары болдыңыздар. Ел сенімін ақтау - әрбір әскери қызметшінің құрметті де қасиетті борышы. Еліміздің жүз мыңдаған ұл-қыздары Ұлы Отан соғысы жылдарында біздерге үлгі боларлық қайталанбас, мәңгі өшпес ерлік көрсетті. Бүгінгі таңда біздер батырларымыз - Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және тағы да басқалардың есімдерін мақтанышпен айтамыз. Олар да осылай Отанға адал болуға ант қабылдап, өз әскери жауынгерлік міндеттерін табандылықпен орындады. Осынау батырлардың Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктері Сіздер мен біздер үшін нағыз үлгі, құрметті жауынгерлер, - деді 27943 әскери бөлімінің командирі, подполковник Мұрат Арапбаев өзінің құттықтау сөзінде.
Салтанатты шара барысында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қарулы Күштер ардагерлері кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Төкен Біләлов, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлер қолбасшысының атынан полковник Виталий Борисович пен жас сарбаздар ата-аналарының атынан Ерлан Зауырбековтың анасы Жансая Асқарқызы мен Біржан Нұржанұлының әкесі Нұржан Әбенұлы құттықтау сөз сөйледі. Қызылорда облысынан шақырылған қатардағы Біржан Нұржанұлы жас сарбаздар атынан лебізін жеткізіп, офицерлер мен сержанттарға алғысын айтты.
Мәрия Шайхисламова сонау Қызылорда облысы Шиелі ауданы Тәжібай ауылынан Әскери ант қабылдау рәсімін көруге арнайы келіпті.
- Бұл – әскери борышын өтеуге келген алғашқы немерем. Таяқ ұстап жүрсем де келіп отырмын. Командирлерінің сарбаздарға деген қамқорлығын көріп, көңілім орнына түсіп, қуанып отырған жайым бар. Немереме елін, жерін абыроймен қорғасын деген тілек айтамын. Басқа да сарбаздарға сәттілік тілеймін, - дейді 73 жастағы апамыз.
Мәлік Созақбаев немересі Тамерлан Шаншаровтың ант қабылдау рәсіміне қатысу үшін Алматы облысы Қапшағай қаласынан жетіпті.
- Әскери ант қабылдау әр сарбазға зор жауапкершілік жүктейді. Сарбаздар қабылдаған Антына берік болсын деймін. Бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған жерімізді абыроймен қорғасын дейміз. Бұл әскери бөлімнің мотоатқыштар батальонында 1975-1977 жылдары өзім де әскери борышымды өтегенмін. Әрине, ол кезде заман басқа еді. Одан бері қанша жыл өтті. Қазір бәрі өзгерген. Сарбаздарға барлық жағдай жасалған, - дейді ол.
27943 әскери бөлімінің идеологиялық жұмыстар, арнайы насихат және мемлекеттік – құқықтық дайындық бойынша аға офицері, капитан Нұржан Малғаждаров жас сарбаздарды әскери өмірге бейімдеп, әр бағыттағы жауынгерлік, саптық дайындықтардан өткізу әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Асыл Ерғалиевке жүктелгенін айтады.
- Жиын әкімшілігінің офицерлер мен сержанттар құрамы жас сарбаздарды тәрбиелеп, әскери қызметтің қыр-сырларын үйретуде өз қызметтік міндеттерін дұрыс атқара білді. Атап айтқанда, мемлекеттік тіл саясатының жарқын үлгісі ретінде жиын басшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, капитан Мұрат Сәбитов сарбаздарға Әскери ант мәтінін мемлекеттік тілде жаттап оқуларын талап етсе, сержант Дулат Қадырбеков, 2 сыныпты сержант Нұрлан Қорабаев әскери командаларды қазақша беріп, орындауды қолға алды, - дейді ол.
Іс-шара соңында жас сарбаздар жеке құрамы қысқа мерзімде өздері меңгерген қоян-қолтық ұрыс жаттығуларынан қарумен және бөлімнің штаб батальоны барлау ротасы жеке құрамы жауынгерлік ұрыс, оқу-тактикалық жаттығуларынан көрсетілімдерді және әскери оркестр жеке құрамы дефелесін қонақтар назарына тарту етті.