Облыс орталығында Арыс қаласынан келген бүлдіршіндер жазғы демалыс күндерін «Дарын» лагерінде өткізуде. Таза ауа, қызықты ойындар мен шаралар естен кетпес каникул болмақ, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
– Әр күніміз қызықты өтуде. Өзен-тауларды аралап, суға шомылдық. Түрлі шараларға қатысамыз, - дейді арыстық бүлдіршін Жаннұр Жұмағали.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда Арыс қаласында зардап шеккен балалар жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалуда. Бүгінде «Дарын» жазғы сауықтыру лагерінде 220 бала тынығуда. Жалпы маусым бойы 300 бала келуі тиіс.
– Бірнеше топ балалар облысымыздың әр өңірінде демалып жатыр. 220 бүлдіршін Таулы Үлбідегі демалыс лагерінде болса, бір легі Катонқарағай ауданы және Семей өңірінде спортпен шынығып, күндерін қызықты өткізуде. Демалыспен қоса танымды болсын деп тарихи-өлкетану орындары мен киелі жерлерді аралауда, – деді ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Мектеп жасындағы оқушыларды арнайы психологиялық, медициналық тексерістерден өткізген. Барлығының денсаулық жағдайлары мен тамақтану тәртібі қатаң бақылауда.
Облыстық Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, жеткіншектер демалысты рухани мәнде де өткізулері қажет. Абайдың 175 жылдығына орай ақынның өлеңдерін оқу бойынша кішігірім сайыс ұйымдастырылып, хакімнің басына да барып қайтты. Көп жерлерде саяхаттап жүрген соң балалар дән риза.
Оқушылар әрдайым концерттік шаралардан басқа түрлі анимациялық фильмдерді де кинотеатрлардан тамашалап жүр. Арыстан келген балаларға естелік сыйлықтар да беріліп, спорттық киімдер ұсынылды.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ