арқұм ұлының зайыбымен кездескен азаматша әңгімелесіп, өткенді еске алысып отырады. Екеуі де ащы судан ұрттаудан бас тартпаған. Кенет келіні баласы жайлы жаман сөз айтып қалып еді, енесі мұнысын жақтыртпай қалады. Сөйтіп олардың арасында кикілжің туындаған. Сол кезде зығырданы қайнаған әйел пышақты шап беріп, келініне сілтей жөнеледі, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Ольга Караева (аты-жөндері толықтай өзгертілген) тым ерте жесір атанды. Бірақ оның күйеуін жоқтап жүргені шамалы секілді. Себебі қайтыс болған жұбайы өзін жаман қырынан көрсеткен. Мұны біз ойдан құрастырып отырған жоқпыз. Ольганың айтуы солай.
Десе де әйел адам қайын жұртымен ара-қатынасын үзген жоқ. Әсіресе енесі Екатерина Кудиновамен жиі араласып тұратын. Бірде дастарқан басына жайғасқан екеуі ішімдік ішіп, әңгіме-дүкен құрған. Араға біраз уақыт салып масайыңқыраған Ольга марқұм күйеуін жамандай жөнеледі. Әлбетте, бұл Екатеринаға ұнамады. «Қарға баласын аппағым дер, кірпі баласын жұмсағым дер» дегендей, келінімен кикілжіңге түскен азаматша өз баласын ақтап алғысы келді. Алайда Ольганың сөзге келер түрі көрінбеді. Ашу қысқан азаматша үстел үстінде жатқан пышақты қолына алып, келініне атыла жөнелген. Іш, арқа тұсына бірнеше рет сұғып алғаннан кейін қып-қызыл қанды көріп бірақ есін жиды. Сабасына түскен Екатерина бірден «Жедел жәрдемге» қоңырау шалған.
Осыған байланысты сот ісі Өскемен қалалық №2 сотында қаралды. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындаған. Ал жәбірленуші Ольга Караева болса енесін кешіретіндігін айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сот үкімімен Екатерина Кудинова 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, 300 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды. Сонымен қатар сотталушыға 50 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Асқар ТҰМАРБЕК