Өскемен қаласында әйел адам өзіне қол көтерген күйеуіне пышақ сұққан

537
көрілім

Караоке-барда құрбыларымен көңіл көтеріп түнгі уақытта үйіне келген әйел ерімен жанжалға түседі. Ашуға булыққан еркек әйелінің бет тұсынан жұдырығымен қойып қалған. Сол кезде тұла бойын өшпенділіктің оты шарпыған азаматша қолына пышақ алып, күйеуіне атыла жөнеледі… Оқиғаның бүге-шүгесі Өскемен қалалық №2 сотының іс-материалдарында жазылған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Облыс орталығының тұрғыны Аяулым (есімдері толықтай өзгертілген) күйеуіне құрбыларымен кездесіп, демалып қайтқысы келетінін айтқан. Өз рұқсатын берген Медет оған «сағат түнгі 12-ден аспай келетін бол» деп ескерту жасайды. Алайда караоке-барға барған әйел уақыттың қалай сырғып өткенін байқамай қалып, үйге сағат 3.00-ден кете бір-ақ жеткен. Мұнысын жақтыртпаған жұбайы жанжал шығарады. Екеуі сөзге келмеген соң, Медет ашуын басу үшін сыртқа шығып кетеді. Кенет аулада тұрған көлік ішінен ол әйелінің құрбысын көрген. Ер адам ол азаматшамен де кикілжіңге түседі. Әйел адам телефонды алып бірден Аяулымға хабарласқан. Үйден атып шыққан 30 жастағы әйел күйеуіне жетіп келіп айқайға басады. Зілді сөздерге зығырданы қайнап, бұлқан-талқаны шыққан еркек әйелінің бет тұсына жұдырығымен соққы жасаған. Сол кезде Аяулымның да шыдамы шарықтау шегіне жеткен болуы керек, көлік қорапшасынан пышақты суырып алып күйеуінің кеудесіне екі рет сұғып жібереді. Соның салдарынан жәбірленушіге ауыр дәрежедегі дене жарақаты келтірілген.  
Өскемен қалалық №2 сотында қаралған сот ісінде кінәсін толықтай мойындаған айыпталушы:
– Біздің кәмелеттік жасқа толмаған екі баламыз бар. Бұрындары арамызда мұндай жағдай болып көрген емес. Сол түнде ішімдіктен аздап ұрттаған едім. Құрбыммен ұрсысып жатқан күйеуімді көргенде қатты ашуланып кеттім. Ол мені ұрып жібергенде кеудемді кек кернеп қолыма пышақ алдым… Содан кейін үйге кіріп, болған жағдайды туған-туысқандарыма хабарладым. Біраздан соң тәртіп сақшылары да келіп жетті. Істегеніме қатты өкінемін, – деп жауап берді.
Сот үкімі бойынша сотталушы ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді.
Асқар ТҰМАРБЕК