Өскемен қаласында Құрбан айт мерекесі қалай өтті?

843
көрілім

Облыс орталығында қасиетті Құрбан айт күндерінде біршама мерекелік шаралар ұйымдастырылды. ШҚО «Халифа Алтай» мешітінде киіз үйлер тігіліп, жамағатқа ас берілді. Сондай-ақ, мешіт алдында арқан тартыс, қол күресі секілді ойындар ойнатылып, жыр, терме орындалды. Қала іргесіндегі ипподромда ақшалай сыйлықтар ұсынылған бәйге сайысы да өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Биыл қасиетті Құрбан айт 1-3 қыркүйек аралығына сәйкес келді. Мұсылман қауымның ұлық мерекесінде ШҚО «Халифа Алтай» мешітіне шынайы ниет етіп айт намазын оқуға жиылған жұрттың легі аз болған жоқ.

Айт намазынан соң мешіт алдындағы алаңда мерекелік шаралар да басталып кетті. Дүйім жұрт арқан тартыс, қол күресі және гір лақтыру сайыстарынан бақ сынасты. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.


Мерекелік шаралар қала іргесінде ипподромда жалғасты. Бәйге десе делебесі қозатын қазақ баласы бұл жарыстан шет қалған жоқ. Облысқа белгілі ат бапкерлері өздерінің баптаған тұлпарларын айтулы додаға үкілеп әкеліп қосты.


5 шақырымдық бәйгеде Жарма ауданының жүйрігі топ жарса, 15 шақырымдық аламан бәйгеде Тарбағатай ауданының бапкері Серікболдың сәйгүлігі шылбыр ұстатты. Шашасына шаң жұқпай, оза шауып мәреге алдымен жеткен сәйгүліктерге Өскемен аймағы өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы «ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің жүлдесін» табыс етті.
Сонымен қатар жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ сынды ат спортының ұлттық ойындары ұйымдастырылып, көрермендерді қызыққа бөледі.