Өскемен қаласында студенттерге арнап ауызашар берілді

339
көрілім

 «Оразашыны тамақтандырған Ораза ұстағанның сауабын алады. Әрi бұл Ораза ұстаушының сауабы кемiтiлмейдi» делінген екен хадисте. Қасиетті Рамазан айында осы ниетпен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университеті студенттерге арнап ауызашар берді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

  Соңғы уақытта жақсы жаңалықтарымен қуантып жүрген ШҚМУ бұл жолы да игілікті істің бастамашысы болды. Білім жағынан республика бойынша алдыңғы  қатардан көрінген бұл оқу орны осы жолы студенттер бойындағы рухани дүниеге де бейжай қарамайтынын көрсетті.

 

  Университет жатақханасының алдында ұйымдастырылған ауызашарға 700-ден астам студент пен оқытушылар, қызметкерлер қатысты. Білім ордасының тарихында алғаш рет ұйымдастырылған бұл шараның мақсаты – ауыз бекіткен студенттерге ауызашар беру, рухани тәрбиеге баулып адамгершілік пен бойындағы имандылық қасиеттерін дамыту болды.

 Университет ректоры Мұхтар Төлеген ауызашарға өзі демеуші болып, көпшілікті қуантқан. Басшылықтың ерекше назарына студенттер де дән риза.

  - Қасиетті айда қарапайым жақсылық жасаудың өзі сауап пен алғысқа кенелтеді. Осындай шараны біздің оқу орны бастағанына өз басым өте қуаныштымын. Білім алушылар да риза болып, жылы лебіздерін білдіруде. Алдағы уақытта мұндай жақсылыққа толы шаралар өз жалғасын табады деген сенімдемін, - дейді Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Марлен Әбубәкір.

  Айта кетейік, С. Аманжолов атындағы университет бірер апта бұрын 2019 жылғы Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі бойынша 6-орынды иеленген. Бұдан басқа білім ордасында «Сандық гуманитаристика» кабинеті мен үш мамандық бойынша оқытатын «Әскери кафедраның» ашылу салтанаты өткен.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ