Бұл туралы Өскемен қаласы әкімдігінің кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Облыс орталығының бірнеше ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы да бұл салаға 6 млрд.теңгеден аса қаржы құйылған болатын.
Мамандардың айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл көпқабатты жеті тұрғын үй берілді. Сонымен қатар 13 нысан жоспарда. Негізгі басымдылықтар жаңа тұрғын үй кешені аудандарына берілуде.
– Көпшілік білетіндей қалада бірнеше жаңа аудандар бой көтеруде. Алда тағы да құрылыс жобалары іске асырылмақ. Мысалы спорт кешендерінің іргесінде енді жаңа үйлер бой көтеріп, шағын аудан пайда болады. Сол сияқты қалалық ипподром маңайы да тұрғын үйлер ауданына айналады. Нұрлы Жол шағын ауданында көпқабатты бес тұрғын үй аяқталуға жақын. Ал 19-шағын ауданында алдағы уақытта тұрғын үйлер салынбайды. Өйткені бұл аумақ сумен қамтамасыз ету, жылыту құбырларын тарту сияқты инфрақұрылымдық шараларға өте қолайсыз. Бұл жұмыстарға көп шығын кетеді. Тек құрылысы басталған үйлер ғана толығымен салынып, пайдалануға беріледі, – деді қала әкімі Жақсылық Омар.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ