«Үйі бірдің – күйі бір» деген мақал бар қазақта. Осы сөздің мән-мағынасы Өскемен қаласындағы көпшілік тұрғындардың жайына қарап айтылған ба дерсің. Қоныстанғаннан бері құты қашып, сапасыз салынған үйдің сыйқы кетіп тұрғанын естіген газет тілшісі тұрғындардың жайын біліп қайтқан еді.
Көшіп келгенде көңілдері қалған
Жаңадан бой көтерген үйлердің кем-кетігі бүгінде келеңсіз жағдай емес, үйреншікті жаңалыққа айналған сыңайлы. „Қабырғасы қисайған“, „жауынды күндері төбесінен су сорғалайды“, „қатты дауылдан шатыры ұшып кетті“ деген сөздерді жиі естиміз. Бірақ неге? Басымда баспанам болсын деп барын жинап, сатып алған үйлердің базынасы қашан таусылмақ?
Бұл жағдай дәл бүгін Өскемендегі Есенберлин көшесі, 13/3 мекенжайындағы тұрғын үйдің бітпей келе жатқан „жыры“. Көшіп келгеннен бері көңілдері толмаған көпшілік талай мәрте тиісті жерлерге шағымданып табалдырығын тоздырдық дейді. Бірнеше рет арызын айтып барғандардың құр уәдеден басқа алып қайтқаны жоқ.
Алғашқы кемшіліктің бірі тұрғын үйге қоныстанғанда білінген. Желтоқсан айында көптен күткен баспаналарына ие болған тұрғындар пәтердегі жылу температурасының төмен екенін байқайды. Жібек маталар комбинаты шағын ауданы қыстың күні қандай екені баршаға мәлім. Ал Шығыстың қысы қаһарына міне бастаған шақта жаңа баспанаға кіргендердің күйі жайсыз болды. Пәтер алса да тұрғын үйдің босағасын көп адам аттай қоймаған. Себебі бала-шағалы отбасылар суық бөлмелерге кіргісі жоқ.
- Үйдің кілтін желтоқсан айында алдық. Бірақ отбасымызбен тек наурыз айында ғана қоныстандық. Желтоқсан, қаңтар, ақпан, наурыз айлары үшін артық сомаға түбіртек келді. «Не үшін?» деп сұрағанымызда жалпы үй есептегіші іске қосылмау себебінен деп түсіндірді. Қосу үшін пәтер иелерінің кооперативіне (ПИК) барғанымызда қажетті құжаттар бізге өтпеді деп қайтарды. Тиісті құжат мердігердің қолында немесе құрылыс бөлімінде екендігі нақты белгісіз болып шықты, - дейді аталмыш үйдің тұрғыны Алима Мырзабекқызы (аты-жөні өзгертілген).
Тұрғындардың сөзінше, бірқатар мекемелерге хабарласып үйдің дұрыс мән-жайын біле алмаған. Қыл соңында тіпті әлеуметтік желілер арқылы қала әкімі Жақсылық Омарға да жаздық дейді. Өкінішке қарай, «жабулы қазан сол күйінде жабулы қалып» қойған. Тоқтаусыз шағымдардан кейін мамыр айының соңында Жылу жүйесі мекемесінен, Пәтер иелері кооперативінен мамандар келіп үйдің жертөлесінде жалпы үй есептегіші мүлдем орнатылмағандығын анықтаған.
Ал бұл қондырғысыз жаңа құрылыс нысандары пайдалануға берілмейді. Құрылыс бөлімі болса, бұл жағын толық тексермей үйді кемшіліктерімен өткізген. Даудың басы да осы жерден басталды. Тұрғындар жылуды бір шаршы метр үшін екі есе артық төлеуге мәжбүр. Тілшілер тұрғындардың жанайқайын естіп барған кезде есептегішті тек таяуда ғана орнатқанын айтты. Оның өзінде әлі іске қосылмаған. Өйткені тұрақты ток көзіне енді ғана қосылған. Бұл уақытқа дейін пәтер иелері электр қуатын уақытша ток көзінен алған. Яғни далада ашық күйде изолентамен оралып, әр жерден темірге ілінген кабель тұрғын үйге жылу мен жарық беріп тұрған.
Қателік үшін қарызға батты
Жаңа қоныстанушылар үшін ыңғайсыздық тудыратын тағы бір жайт – ыстық судың жоқтығы. Мамыр айында өшірілген ыстық су осы күнге дейін берілмеген. Бір айдан астам уақыт ыстық судың жоқтығы Есенберлин көшесі, 13/3 тұрғын үйдегілердің сарыуайымына айналды. Ыстық суды тек президент сайлауы күні яғни тоғызыншы маусымда іске қосып, ертесіне қайтадан өшіріп тастаған. - Баланы алдағандай болды ма сонда, - деп тұрғындар наразылықтарын айтып жеткізе алмады.
Тілшілер өз құлағымен естіген кемшіліктер тізімі бұл ғана емес. Аз ғана уақыт қоныстанған тұрғындардың мойнындағы жылу жүйесі мекемесі «ілген» екі миллион теңгеге жуық қарыз және бар. «Бұл ненің қарызы?» дейсіз ғой жарытып берілмейтін, берілгеннің өзінде қысымы жоқ ыстық су үшін. Кранды бір сағатқа жуық ашып қойғанның өзінде жылы су бес қабатты үйдің бірінші, ары кетсе екінші қабатынан аспайды екен. Іс жүзінде пайдаланбаған ыстық су үшін ақша төлемеген болып есептеледі. Жылу жүйесі енді тұрғындарды сотқа беруі мүмкін. Өйткені тиісті мекеме мен пәтер иелерінің арасында келісімшарт бар. Бірақ міндетті орындардың жауапсыздығы үшін бұл жағдай ушығып тұр.
- Иә, мойындаймын. Мүмкін бұл біздің қателігіміз шығар. Бірақ алдағы уақытта барлығы тұрақталады. Тек уақыт беріңіздер, - деді жиынға келген Өскемен қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Дидар Кенесбаев.
«Жаңбырменен қабырға көгерер»
Тұрғындардың жанын жай тапқызбаған тағы бір мәселе – жаңбыр жауса жертөле суға толып кетеді екен. Жер жағдайының қолайсыздығы мен үйдің іргетасы дұрыс қаланбағандықтан жертөле жаңбыр суына лық толады. Кейін тұрғындар подьезд есігін ашып тастап үнемі желдетіп жүруге мәжбүр. Өйткені онымен қоса іргетасында ауа өткізгіштері де жөнді емес.
Ол ол ма, сапасыз жабындалған шатырдан су бүкіл үй ішіне ағып кететін кездері болады екен. Тұрғындардың бөлмелері көгеріп, терезелерінің түбі шіри бастаған. Ылғалдылығы жоғары, жылуы жоқ осы бір тұрғын үйде тұрып жатқандардың дені кішкентай балалары бар жас отбасылар. Сондағы «мүмкін біздің қателігіміз шығар» деген үшін адамдардың денсаулығына кім жауап береді?
Құрылыс бөлімі басшысы орынбасарының айтуынша, барлық мәселе шілде айының соңына дейін шешілмек. 12 шілдеге дейін үйдің терезелерін, 15 шілдеге дейін шатыры жөнделеді деп уәде берді. Ал 22 шілдеге дейін жылу жүйесі мәселесіне нүкте қойылмақ. Маусым айының соңына қарай тұрғын үйдің іргетасының айналасы реттелмек деп шешілді.
Аталған кемшіліктер Жібек маталар комбинаты мөлтек ауданындағы жаңа тұрғын үйлердің тек біреуінде ғана анықталып отыр. Өскемен қаласының жаңа көрікті ауданына айналып келе жатқан қала бөлігінің сырты көрікті болғанмен іші кемшілікке толы. Осындай келеңсіз жағдай Көкжал Барақ, Уәлиев көшелеріндегі тұрғындар тарапынан да айтылады. Облыс орталығының жаңа құрылыс ауданында заман талабына сай бой көтерген көрікті үйлердің сырты жылтырақ болса да іші кем – кетікке толы. Сайып келгенде, жылдар бойы тірнектеп жинағанын есепшотқа салып жаңа баспанаға қол жеткізіп қуанышқа кенелдім бе дегенде «бүйректен сирақ шыққандай» болып пәтердің, тіпті тұтас бір тұрғын үйдің ұзақ – сонар кемшіліктері мен аяқсыз қалған жұмыстары тұрғындардың көкейіне еріксіз көп күдік ұялатуда.
Ал сол күдіктің түйіні қашан, қалай шешіледі – ол жағы әлі белгісіз.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ