Жаңа жыл мерекесін қарсы алуға жергілікті бюджеттен 32 млн.769мың теңге қаржы бөлінді.
– Жаңа жыл қарсаңында демеушілердің көмегімен Ұлы отан соғысына қатысушылар мен тыл ардагерлерін мерекелерімен арнайы құттықтаймыз. Сонымен қатар барлық білім беру ошақтарында жаңажылдық бағдарламалар өткізіледі. Қала бойынша жалпы саны 4 шырша орнату жоспарлануда. Бас шырша Республика алаңына, интерактивті шыршалар Комендантка өзенінің сағасында, Комсомол аралында және Арбатта орнатылады, - дейді Өскемен қаласы әкімі аппарат басшысы Нұрлыбек Шерубаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, орнатылатын шыршалардың барлығы жасанды. Қала әкімінің жаңажылдық шыршасы 25 желтоқсанда Оқушылар шығармашылық сарайында өтеді. Мерекеге аз қамтылған және жағдайы төмен отбасылардың балалары шақырылады.
– Қала қонақтары үшін Республика алаңында, Комсомол аралында және Комендантка өзенінің сағасында мәдени бұқаралық ойын-сауықтар мен мерекелік отшашулар ұйымдастырылады. Шараға белсенді өнерпаздар мен танымал шығармашылық ұжымдар қатысады.
Сонымен бірге кітапханаларда дәстүрлі кітап көрмесі ашылып, жаңажылдық таңертеңгіліктер мен театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады, - деді Нұрлыбек Шерубаев.
Жаңажылдық отшашу 31 желтоқсан күні сағат 00:00 де Комсомол аралында, сағат 00:30-да Комендантка өзені сағасында және сағат 1:00 де Республика алаңында ұйымдастырылады. Айта кетейік, биылғы Жаңа жылда Арбатта шырша орнатылып, «Самал» саябағында мұз айдыны ашылады.