Облыс орталығының тұрғындары қалада жарқанаттарды жиі байқайтын болған. Олар кейде тіпті үйге де кіріп кетіп жүр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың биология кафедрасының профессоры Константин Прокоповтың айтуынша, олардың санының көбеюі ауа райына байланысты.
Соңғы уақытта «шақырылмаған қонақтардың» пәтерлерге кіріп кетуінен тұрғындар кәдімгідей үрейленіп жүр.
– Жарқанаттар адамға жақын жерде өмір сүре береді. Ол қалыпты нәрсе. ШҚО-да олардың 14 түрі мекен етеді. Барлығы да зиянсыз, – дейді Константин Прокопов.
Ғалымның сөзінше, бұл ұшатын сүтқоректілерді жоюдың еш қажеті жоқ. Адамдар өздері тиіспесе олар өз еркімен шабуылдай қоймайды.