Өскемен қаласында жас кадеттер ант қабылдады

508
көрілім
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жастарды патриоттық сезімде тәрбиелеу мақсатында бірінші кадет сыныптары ашыла бастағаны белгілі. Осындай бастамалардың алғашқыларының қатарында болған игі істің бірі Өскемен қаласындағы № 4 орта мектебінің кадет корпусын айтуға болады. Осыдан тұп-тура 20 жыл бұрын, яғни 1997 жылы ашылған кадет корпусында қыс маусымының алғашқы күндерінде салтанатты сапқа тұру шарасы өтіп, жас кадеттер ант қабылдады. Бұл жөнінде Шығыс Қазақстан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің басшысы Шынар Дүсіпова хабарлады.

2001 жылы аталмыш кадет корпусына қазақ халқының белгілі этнограф-ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлиханов аты берілді. Содан бері 500-ге жуық кадет аталған мектеп қабырғасынан түлеп шықты. Олардың ішінде әскери оқу орындарына түсіп, әскери қызметте жүргендері де бар. Оқушылар арасында кадет корпусында оқуға ниет білдірушілер жыл санап көбеюде. Ұстаздар мен тәрбиешілердің қажырлы еңбектерінің арқасында бүгінгі күнде кадет корпусы оқушылары саптық дайындыққа, әскери дайындық негіздеріне, қару-жарақ пен арнайы қорғану құралдарын қолану тәсілдеріе үйреніп, әр түрлі атыс қаруларынан атуға машықтанды.

Шара 2017 жылдың 5 желтоқсанында № 4 орта мектебінің салтанат залында ұйымдастырылды, — дейді Шынар Дүсіпова. — Кадет корпусының ашылғанына 21 жыл толуына байланысты жас кадеттердің ант қабылдау салтанатты рәсімі өтті. Мемлекеттік Әнұранмен басталған іс шара корпустың әр взводы командирлерінің баянаттарымен жалғасты. Әлия Молдағұлова, Касым Қайсенов, Төлеген Тоқтаров, Қаныш Сатпаев аттары берілген взводтар өздерін сенімді де мақтанышпен көрсете білді. Мектеп директоры Зюзь Ольга Петровна өзінің құттықтау сөзімен және кадеттердің арасындағы үзіктердің үздігі болып алға шыққан кадеттерді мақтау қағаздарымен марапаттады.

Салтанатты ант қабылау рәсіміне құрметті қонақ ретінде қатысқан Шығыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары полковник А Мүсрепов өз сөзінде кадет корпусының маңыздылығын баса айтып, болашақта Отанымыздың білімді, шыныққан қорғаушылары болып шығатындарына сенімді екенін айтты. Сонымен қатар кадет корпусын қамқорлықтарына алған ҚР Қорғаныс министрлігінің Өскемен қаласындағы «Әскери техникалық мектебі» филиалы бастығының орындасары запастағы подполковник А. Қантарбаев та кадеттерді құттықтап, ұстаздар мен тәрбиешілерге табыс тіледі. Сондай-ақ Ауған соғысының ардагері О.Г.Фролов, ата-аналар мен жиналыс қонақтары кадеттерге отансүйгіш, еліміздің өркендеуіне еңбектерін сіңіретін адал азаматтар болып шығуларына тілектерін білдірді. Салтанатты жиын жас спортшылардың өз өнерлерін паш етуімен жалғасып, соңы би балына ұласты.