«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінің қатары жаңа сарбаздармен толықты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
ҚР Ұлттық Ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы сапында көктемде шақырылған 200 жауынгер Ант қабылдап, Отан қорғау міндетіне толыққанды кірісті. Шараға облыстық, қалалық әкімдіктің қызметкерлері мен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының мүшелері және ардагерлер мен ата-аналар қатысты.
Ерекше күнде жас сарбаздарға арнап құттықтау сөз сөйлеген қала әкімі де оларға жауапты міндетті абыроймен атқаруларына тілектестік білдірді.
– Берген анттарыңызға адал болыңыздар, сарбаздар. Сіздер еліміздің айбынын асқақтатып, жауынгерлік парыздың қасиетті екенін танытасыздар, – деді Жақсылық Омар өз сөзінде.
Ұлдарының Ұлттық Ұлан қатарына қосылғанын көру үшін Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Алматы, Қарағанды және Қызылорда облыстарынан ата-аналар көптеп келген.
Шара соңында гарнизонның жас жауынгерлері салтанатты сапта жүріп өтті.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ