Өскемен қаласындағы автобустар электронды билеттеуге қашан көшеді?

367
көрілім

Облыстық әкімшілік кеңесінде қоғамдық көліктердегі электронды төлемнің артықшылықтары айтылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Биылғы жылы облыс орталығында электрондық билеттеуді енгізу жоспары тұр. ШҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша бұл жүйе алдымен 28 трамвай мен 558 автобуста іске қосылмақ. Автобус кондукторларына алаң болатын жайт жоқ, себебі кондукторлар контроллер қызметіне ауысады.

Іс жүзінде электронды билеттеу қалай жүзеге асатыны белгісіз. Онымен қоса әлі конкурс өтпегендіктен жобаны қай ұйым алатыны да мәлім болмай тұр.

Жобаның алдын ала құны — бір миллиард теңгеден аспақ. Құрал-жабдыққа қажет қаржының 70 пайызын жеке инвесторлар шығарса, 30 пайызы облыстық бюджеттен бөлінеді.

- Билеттендіруді сандық форматқа көшіру - табыстың кілті, - дейді облыс әкімі Даниал Ахметов, - Алматы қаласы көрсеткен тәжірибе бойынша тасымалдаушылардың табысы осы жүйенің арқасында төрт есеге өскен. Мұндай нәтиже бізде де күтілуде.