Облыс орталығының Жібек маталар комбинаты шағын ауданындағы ауқымды көшелердің бірі саналатын Карл Маркс даңғылы жақын болашақта Қаз дауысты Қазбек бидің есімімен аталатын болды. Бұл жөнінде өткен аптаның бейсенбісінде өткен Өскемен қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысында белгілі болды. Ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында қабылданған қаулы алдағы уақытта республика деңгейінде қаралып, құпталатын болады.
Салмақ салмайды
Бұл жолы қазақ тарихындағы белді билердің бірі саналатын Қаз дауысты Қазыбек бидің есімін мәңгілеуге облыстық сот ұжымы мен ақсақалдар алқасы мұрындық болды. Қазақ халқының рухани жаңғыруына үлесін қосатын игі іс құпталып, жұртшылық тілеуі орындалды. Дегенмен, тарихымызға жат, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауды алып тастау жөніндегі шаралар барысы бірауыздан құптала салды деуге келмес. Бұл қалалық әкімдікте өткен кеңес барысындағы пікірталастан-ақ байқалды. Қайта атауды өткенге деген құрметтің жоқтығымен байланыстырған кейбір азаматтар соңғы сәтте «Бұл шара қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсірмей ме?» деген сауал қойды.
– «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы заңының 6-бабына сәйкес атауларды өзгертуге байланысты шығындар жергілікті бюджет арқылы қаржыландырылады, – деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ольга Булавкина. – Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі Карл Маркс даңғылын қайта атауға байланысты жұмсалатын шығындарды есептеп шықты. Нәтижесінде әр үйдің мекен-жай тақтайшасын өзгертуге жеті мың теңгеден қаржы жұмсалатыны белгілі болды. Осы орайда аталмыш даңғылдың бойындағы 41 үйдің тақтайшаларын қайта жасатуға кететін 287 мың теңге көлеміндегі шығынды жергілікті бюджет өзі көтереді. Егер тұрғындарға басқа да құжаттарды ретке келтіру керек болса Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, қалалық сәулет бөліміне жүгінулеріне болады. Біздің мамандар барлық құжаттарды тегін түрде ресімдеп береді.
Қатысуға құқы бар!
Қалалық мәслихат депутаты Сергей Климовтың «Қайта атауға даңғыл тұрғындары толықтай келісе ме?» деген сұрағына жауап берген қалалық мәслихат депутаты Майраш Екібасова көше қаланың әкімшілік аумақтық бірлігіне жататындықтан оның атауын өзгертуге нақты сол көшенің ғана тұрғындары келсін дейтін талаптың жоқ екендігін алға тартты.
– Біз осы жерде тек қана Карл Маркс даңғылының тұрғындары ғана болсын деген талап қоя алмаймыз, – деді Майраш Екібасова. – Оның үстіне алдын ала бір ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында даңғыл атауын өзгертуге байланысты қоғамдық тыңдаудың өтетіні жайында хабарландыру берілген болатын. Сондықтан қоғамдық тыңдауға келген әрбір адамнан «Сен осы көшенің тұрғынысың ба?» деп сұрай алмаймыз. Бұл демократиялық мемлекеттің қағидаларына сәйкес келмейді.
Қазаққа қатысы жоқ
– Бұл көшенің Карл Маркс есімімен аталуы кездейсоқ жағдай, – дейді Шығыс Қазақстан облыстық архитектуралық-этнографиялық және табиғи-ладшафтық мұражай-қорығының аға ғылыми қызметкері Петр Сушко. – Оның Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ. Бұл кеңестік кезеңнің идеологиялық бастамаларының бірі ғана. Ал Қаз дауысты Қазыбек би жалғыз қазаққа ғана емес, сондай-ақ көрші елдерге де белгілі тарихи тұлға. Тәуке ханның тұсында ел бірлігін сақтауға атсалысқан ол «Жеті жарғы» заңдар жинағын қалыптастыруға ұйытқы болған төбе билердің бірі. Кейін бұл заң жинағының кейбір тармақтары Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясына да негіз болды. Көрші Ресеймен тату көршілік жайын насихаттаған дипломат, сол кездегі ел бірлігі үшін өзекті даулардың шешімін дөп айтып отырған. Оның үстіне ол орта жүздің төбе биі. Ал Шығыс Қазақстан облысының аумағы түгелдей орта жүзге жатады.
Қирап қалған ештеңе жоқ!
– Бұл қалада тұрғаныма елу жылдан асты, – дейді Өскемен қалалық мәслихат депутаты Марина Кикина. – Көше атауын өзгерту әрдайым кең талқыланып, қызу пікірталас тудыратын мәселе екені рас. Қай кезде болмасын біреу қолдаса, біреу қолдамай, өз дәлелін келтіріп жатады, бірақ әркімнің өз көзқарасын айтқаны дұрыс. Кезінде қаламыздағы Патрис Лумумба көшесі Потанинге, Ертіс жағалауы көшесі Славскийге, Қызыл Қырандар жағалауы көшесі Протозанов, Металлургтер кенті Күленовтың атына қайта аталған болатын. Сонымен қатар, бірнеше жыл бұрын Ленин даңғылы Тәуелсіздік даңғылына өзгертілген еді. Мен өзім де осы даңғылдың бойында тұрамын. Ленин даңғылында өмірімнің үлкен бөлігін өткіздім, қазір Тәуелсіздік даңғылы деп аталады. Бұдан қирап қалған ештеңені көріп тұрған жоқпын. Сондықтан әр адам өзі тұратын мемлекетке, оның тарихына құрмет көрсете білуі керек. Бұл менің көзқарасым. Елбасымыздың «Ұлтының тарихын білмегендер үлкен қателік жібереді» деген сөздерімен толықтай келісемін.
Бүгінгі таңдағы өзгерістерге әр азаматтың құрмет көрсете білуі қажеттігін алға тартқан депутат ханым, мұның уақыт талабы екенін атап өтті. ХІХ ғасырда өмір сүрген теоретик Карл Маркстің есімі бұл даңғылсыз-ақ, баяғыда адамзат тарихында алтын әріптермен жазылғанын айтқан ол Тәуелсіз елдің атаулары да тәуелсіз болуы қажет екенін тағы бір ескертті.
– Көше атауларын өзгерту тек қана «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан шара деп айтпаймын, – дейді өңір жастарының атынан сөйлеген Берік Қадірұлы. – Біз бір нақты адамдардың аттарына жабысып қалған емеспіз. Аталмыш даңғылға іргелес облыстық сот ғимараты орналасқан. Ал Қаз дауысты Қазыбек би болса, қазақтың сот жүйесінің жасақталуына тікелей қатысқан тұлға. Мен кеңестік дәуірді көрген жоқпын. Тәуелсіз елде дүниеге келдім. Өткен дәуірді сынап, оны даттауға құқым болмаса да қазіргі мемлекетіміздің іргетасын бекітуге құқылымын. Сондықтан аға ұрпақ кейінгі ұрпаққа мүмкіндік беріп, уақыт талабына сай өз атауларымызды қоюға ұйтқы болуларын сұраймын!
***
Даңғыл атауын Қаз дауысты Қазыбек бидің есімімен қайта атауға арналған қоғамдық кеңес соңында қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясы келісім қаулысын қабылдады. Ендігі кезек республикалық ономастикалық комиссияның қарауында. Ұсыныс республика деңгейінде құпталса, жақын арада Жібек маталар комбинаты тұрғындары үшін жанға жайлы жаңалық болып қалары сөзсіз.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Қаз дауысты Қазыбек би, Қазыбек Келдібекұлы – қазақ халқының XVII – XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Орта жүздің Арғын тайпасының қаракесек руына кіретін Болатқожа атасынан шыққан ол 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті орта жүздің бас биі еткен. Би Әз Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі болса, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңестер беріп отырған. Тәуке хан үйсін Төле, алшын Әйтеке, арғын Қазыбек билерге жаңа заң жобасын – “Жеті жарғыны” жасатып, Күлтөбенің басында бүкіл халық алдында қабылдатты. Қазыбек би 1764 жылы Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында 97 жасында дүниеден өткен.