Өскемен қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында электронды қызметті пайдалану бойынша арнайы шеберлік сабағы өтті. Аталған шараға журналистер, жеке кәсіпкерлер мен қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Қазіргі таңда уақытыңызды үнемдеп бас-аяғы көрінбейтін ұзын-сонар кезекте тұрудан гөрі мобильді телефоныңызды немесе компьютерді пайдаланып қажетті құжаттарыңызды алуға мүмкіндік беретін электрондық қызмет қосымшалары бар. Тиісті мекемеге барып талон алып ұзақ күткенге қарағанда бұл қызмет түрін пайдалану әлдеқайда тиімді.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында іске асырылған қызметтерді былайғы тұрғындар әлі толықтай меңгермеген. Шараның мақсаты – түрлі мамандық иелеріне шеберлік сағатын өткізу. Үйрете отырып, басқа тұлғаларға қызмет түрін үлгі ету.
- Цифрлық қызметке негізделетін бұл орталық 2018 жылы ашылған. Сол уақыттан бастап тұрғындарға шеберлік сағаттарын жиі ұйымдастырамыз. Ең алдымен облыс бойынша түрлі басқарма басшылығын оқыттық. «Электронды қолтаңба алу», «Телеграм» және «EgovКzВоt» қосымшаларымен таныстыру жұмыстары атқарылды, - дейді «Азаматтарға көмек» Шығыс Қазақстан облыстық филиалының баспасөз хатшысы Мөлдір Зәруетқызы.
Электронды үкімет порталында бірнеше қызмет түрлері ұсынылған. Қажетті анықтамалар алудан бастап ресми құжаттарға қол жеткізу, тіпті қосымша арқылы айыппұлдарды төлеуге де болатындай мүмкіндіктер жасалған.
ХҚК орталығына келіп үйренемін деушілерге есік әрдайым ашық. Оқу-үйрету сабағы қызметіңіз, лауазымыңыз бен жасыңызға байланысты емес. Орталық мамандары ниет білдірген әрбір тұлғаға көмек көрсетуге даяр екендерін жеткізді.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ