Бұқара.кз сайтының редакциясына хабарласқан қала тұрғыны 30-шы гвардияшылар дивизиясы көшесі, 18 үйдің ауласындағы қоқыс жәшіктері бүк толып шашылып жатқанын айтып шағымданды.
– Шіліңгір ыстықта қоқыстан шыққан жағымсыз иістен кешке аулаға да шыға алмайтын болдық. Қоқыс жәшігінің тазаланбағанына біраз уақыт болды. Енді бірнеше күн түрса, ауладағы жолға дейін шашылып кетуі әбден мүмкін. Аула тұрғындарының көбісі бөгде иістен тыжырынып қоқысты алыстан лақтырып кетіп жатады. Ал күн ұясына бата берісімен қаңғырған иттер қоқысқа қаптап, ауыз-мұрынынан шыға шашылған қоқысты онан әрмен шашады. Біз осы ауладағы қоқыс жәшіктеріне жауапты мекеменің тұрмыстық қалдықтарды тез арада тазартса екен дейміз. Бұл жағдай бір емес бірнеше рет қайталанып отыр. Біз сонда қоқыстан қашан көз ашамыз? – дейді қала тұрғыны Ерасыл Қайырбеков (аты-жөні өзгертілген).
Оқырманымыздың хабарласуы бойынша арнайы сол көшеге барған едік. Қатарынан тізілген 4-5 қоқыс жәшігі қолқаны қабар күлімсі иісімен маңайына кісі жолатар емес. Оған қоса мынадай қапырық ыстық иістің таралуына барынша мүмкіндік беріп тұр. Бұл жерге тарақан, қырықаяқ сынды түрлі жәндіктер мен кеміргіштер де пайда бола бастаған. Тіпті тұрғындар бұндай жағымсыз иістен түрлі аурудың таралу мүмкін екенін айтып алаңдауда.
Таунар ҚАЙРАТ