Өскемен қаласындағы ОВ 156/3 түзеу мекемесінде Конституция күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Шара барысында сотталғандар қонақтарды концерттік бағдарламадан сусындатып, өз өнерлерін паш етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
ШҚО Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ОВ 156/3 түзеу мекемесіндегі игі шара бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. Сотталғандардың патриоттық сезімін оятып, көңілдерін сергіту үшін қолға алынған бұл бастама дәстүрге де айналып үлгерген.
Сондай-ақ, әр жылдың жаз мезгілінде өтетін Спартакиада сайысы күндерін темір тордың ар жағында өткізіп жатқан адамдардың денесін шынықтырып, салауатты өмір салтын насихаттаса, «Үміт» конкурсында сотталушылардың қолөнері мен сурет салу шеберліктері сынға түседі.
Конституция күніне орай ұйымдастырылған іс-шараны бастамас бұрын Спартакиада мен «Үміт» конкурсының биылғы жеңімпаздары марапатталды. Осыдан соң түрмеде жазасын өтеп жатқандар өздері әзірлеген концерттік бағдарламаны тарту етті. Олар қазақтың қара домбырасын қолға алып әуелете ән салып, күй тартып, өлең оқыды.
– Әрбір мейрамдарда осындай шараларды өткізіп тұрамыз, – дейді ОВ 156/3 түзеу мекемесінің жасақ бастығы, аға-лейтенант Естай Қыдырханов. – Бұл сотталушылардың патриоттық сезімін оятып, үй-ішін сағынған жандардың бірлесе ән айтып, рухани сергуі үшін қолға алынған.
Жазасын өтеушілер әртүрлі шаралардың жиі өткізілетіндігіне ризашылықтарын білдіруде.
– Бізге осылай өнер көрсетіп, шеберлігімізді шыңдауға мүмкіндік берген мекеме әкімшілігіне үлкен рақмет! Сахнаны өзіміз сәндеп, мерекеге орай көркемдедік. Осындай шаралар ары қарай да жалғасын табады деп үміттенеміз, – дейді жазасын өтеуші Денис Майдоров.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Фотосуреттерді түсірген автор