Өскемен қаласындағы жағажайларға тексеріс жүргізілді

377
көрілім

  Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері облыс орталығындағы қалалық суға түсу орындарына тексеру жүргізді. Жазғы суға шомылу маусымына дайындығын бақылаған арнайы мамандар жағажаймен қоса су астын да тексерістен өткізді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

  Жаздың ыстық күндері жақындаған сайын қала халқы салқын өзен-сулардың жағасына ағылатыны белгілі. Маусымның бірінен бастап ресми түрде ашылатын демалыс орындары «келушілердің өмірі мен денсаулығына еш қауіп төндірмей ме, адамдардың дем алып қайтуы үшін жағдай жасалған ба?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздеп көрген Төтенше жағдайлар департаменті журналистермен бірге қалалық Мұражай-қорығының «Көгілдір көлдері», «Самал» саябағындағы суға түсу орны мен бірнеше су қоймаларын тексерістен өткізді.

- Мұндай бақылаудың мақсаты — демалыс орындары мен су астында адам өміріне қауіп төндіретін заттардың болмауы, судың жарамдығы, құтқару орындарындағы қажетті құрал-жабдықтар, ескерту белгілерінің болуын қадағалау. Ең көп кездесетін кемшіліктердің бірі жағажай орындарында медициналық қызметкер мен арнайы пункттің болмауы, - дейді ТЖ басқармасының аға офицері Валентин Литвиненко.

  

  Өскемен қаласында түсуге қауіпті әрі рұқсат етілмеген сегіз жағажай бар. Олардың көпшілігі суға түсуге жарамсыздығы мен көп адамның суға бату оқиғалары тіркелген орындар.

  Арнайы сүңгуір мамандары қоймаларға кіріп су астын байқап көрді. Қызметкерлердің айтуынша, су астында көбінде бөтелкелер, консервілер, көлік бөлшектері кездеседі. Сондықтан шомылу кезінде жарақат алу қаупі негізінен адамдардың өз кінәсінен.

  2018 жылдың өзінде ШҚО бойынша 43 адам суға кеткен. Оның 36-сы жазғы суға түсу маусымында қайтыс болған. Соның ішінде 8-і жас бүлдіршін. Мамандардың ескертуіндегі мәселе балалардың көпшілік жағдайда қараусыз қалуы мен ата-аналарының рұқсатынсыз су маңына баруы.

- Мұражай-қорығындағы «Көгілдір көлдер» жағажайы мен «Самал» саябағы жағажайы талапқа сәйкес. Бірінші маусымнан өз жұмыстарын бастай алады, - деді негізгі орындарды бақылап көрген мамандар.

 

  Ал қала тұрғындары мен әкімшіліктің тарапынан көп наразылыққа ие болған «Кенсіз материалдар комбинаты» маңындағы су қоймасы жарамсыз деп табылды.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ