Өскемен қаласындағы Жаңа Ахмер ауылының тұрғындары май шаммен отыр

852
көрілім
Жаңа Ахмер ауылының Құмаш Нұрғалиев атындағы көшенің тұрғындары жаңадан салынған ауданға жарық тарту мәселесімен жүгіре-жүгіре шыдамдары таусылғанын алға тартады. «Бір емес, бірнеше жыл жергілікті биліктің уәдесіне тойып біттік» деген ахмерліктер жақын арада бір жаңалық болып қала ма деген үміттерін үзбей отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Даралағаны дұрыс емес…»

Жарық тартқызу мәселесімен жүгіргеніме үш жылдың жүзі болды, – дейді Дидар Сапиев есімді тұрғын. – Өткенде жергілікті әкімшілікке барғанымда «Биылғы жылы сіз тұратын көшеге жарық тарту жоспарда жоқ» деген жауап алдым. Бар-жоғы 200 метр жерде тұрған электр желісіне қолымыз жетпей отыр. Естуімше, біздің ауданды жарықпен қамтуға қаржы бөлініп қойған көрінеді. Бірақ, ақша қайда?! Бізді қойшы, балаларымызға қиын. Кешкісін үй тапсырмасын майшаммен қарап, көзмайларын тауысады. Мұғалім «үйіңе келіп тексеремін» десе де қысылады. Жердің жыл сайынғы жалақысының өзі 15-20 мың теңгенің төңірегінде. Қыруар ақшаны мемлекет қазынасына салған соң жарықты да солардың тартып бергенін қалаймыз.

Жаңаахмерлік Алмат Жоламанов жақын маңдағы электр энергиясын реттейтін трансформатордың күші 300 үйге ғана жететінін айтады. Оның айтуынша, кім барып шағымданса, соған жарық тартып береді екен. «Тұрғындарды кварталдарға бөліп алалағаны қалай?» деген сұрақ бұл ауылдың тұрғындарын зәрезап қылған.

Тіпті болмағанда электр желілерін өз күшімізбен тартып аламыз ба деген ойымыз да болған. Үйімізге дейін 10-15 баған орнату керек. Бір бағана шамамен 50 мың теңгеге түседі. Мұндай бағаны үй салып, арып-шаршаған адамдардың қалталары көтере ме? Оның үстіне маман емес адамдар тартса ертеңгі күні оның ортақ желіге қосылуы қалай болмақ? Электр қуаты дегеніңіз жеңіл-желпі нәрсе емес. Қыстың сары аязында электр сымдарының үзіліп кетуі де ықтимал ғой, – дейді Болат Альдиев есімді тағы бір ауыл тұрғыны.

Жарық тарту жоспарда бар

Жаңа Ахмер ауылы тұрғындарының мәселесіне қатысты қала әкімінің атына хат жолдадық. Хатқа тіл қатқан Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаев бүгінгі таңда аталмыш көшенің бойындағы 80-ге жуық үй электр жарығымен қамтылғанын айтады.

Бұл көшеде электр қуатын реттейтін үш трансформатор орнатылған, – дейді Ержан Смағұлұлы. – Ахмер ауылында бюджет қаражаты есебінен электрмен жабдықтау желілерін орнату үшін аталмыш ауылдың жеке тұрғын үй құрылысының бүкіл ауданы 12 кварталға бөлінді. Қазіргі уақытта оның 8-і электрмен жабдықталған. Ал қалған кварталдарды электр желісімен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде.

Шенеуніктің айтуынша, 2013-2016 жылдар аралығында Ахмер ауылының 970 үй мен жеке жер учаскелеріне электр желілері тартылған.

Үйлерінің құжаттары ресімделмеген әрі қолданысқа енгізілмеген тұрғындар жер учаскесінің құжаттары бар болған жағдайда техникалық шарт жасасып, электр жарығын қосуларына болады, – дейді Ержан Қоңырбаев. – Ахмер ауылындағы қалған үйлерге электр желісін тарту 2018-2019 жылдарға жоспарланған.

***

Билік өкілінің сөзіне қарағанда Жаңа Ахмер ауылы тұрғындарының арыз-шағымдары жуық арада қанағаттандырылмайтын сыңайлы. Бұған қауіптенген жаңаахмерліктер мәселенің сағызша созылып, мәні жоғалып кете ме деп қауіптенеді.

Ерлен ОСМАНОВ

Фотосуретті түсірген автор