Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Мұқашұлы Омар Жібек маталар комбинаты ықшам ауданының тұрғындары алдында есеп берді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар бүгін №46 орта мектепте Жібек маталар комбинаты ықшам ауданының тұрғындарына осы жылдағы алғашқы есебін берді.
Кездесу барысында қала әкімі өткен жылғы шешімі мен атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
- Қазіргі таңда Өскемен қаласында 345 мың 963 адам тұрады. 2019 жылдан бері адам саны 2184 адамға көбейген, - деді Жақсылық Омар.
Өскемен қаласында көпбалалы отбасылар саны көп. Өткен жылы оларға да бірқатар көмек көрсетілген.
- Өткен жылы көпбалалы 56 отбасыға пәтер кілті табысталды. Оның ішінде 5 пәтер кәсіпкерлердің көмегімен алынды. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында дәл осындай 100 отбасыға пәтер беру жоспарланып отыр. Қала бойынша 343 көпбалалы отбасы пәтер кезегінде тұр.
Қала әкімдігіне келіп өтініш қалдырған 22 көпбалалы ана жұмысқа тұрғызылып, қызметтік пәтерге орналастырылған.