– Қала ішінде қатынайтын бірқатар автобустардағы билет бағасы зейнеткерлер үшін әртүрлі. Бір автобуста жеңілдікпен жүрсең, екіншісінде билеттің толық құнын төлейсің. Осы себепті қай автобусқа отырып, қайсысына отырмау керектігін білмейсің. Қоғамдық көліктердегі зейнеткерлерге деген жеңілдіктің не себепті алынып тасталғанын білгім келеді.
Өскемен қаласынан тұрақты оқырман
Сіздің сұрағыңызға Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Азамат Нығматов жауап берді:
– Облыс орталығының қоғамдық көліктердегі жол жүруге байланысты жеңілдіктер тасымалдаушылардың өз есебінен жүргізіледі. Дизель отыны бағасының қымбаттауынан «Vosca» және «Вебас» ЖШС жол жүру құнындағы жеңілдіктерді алып тастады.
Сондай-ақ, құзырлы мекеме өкілінің айтуынша, №1, 8, 8а, 19, 5, 12, 33, 33а, 39, 42, 67, 11, 17, 17а, 53, 53а, 71, 351 бағыттағы автобустарда осыған дейін зейнеткерлерге беріліп келген жеңілдік алынып тасталған екен. Аталмыш бағыттағы қоғамдық көліктерде әр жолаушының өзімен бірге 7 жасқа дейінгі баланы оған жеке орын бермей тегін алып жүру, 7 жастан 15 жасқа дейінгі балаларға билеттің толық құнының 50 пайызын төлеу, және де ҰОС ардагерлеріне, І және ІІ топтағы мүгедектер, 1931 жылға дейін туылған азаматтар үшін тегін жүру сияқты жеңілдіктердің сақталғаны қоса хабарланды.