Облыстық Қоғамдық кеңес отырысы барысында облыс орталығының құрамына Радужный кентін қосу туралы ұсыныс қолдау тапты. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен Қоғамдық кеңес барысында Өскемен қаласы әкімі аппаратының басшысы Ержан Шурманов мәлімдеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
– Радужный кенті Тәуелсіздік жарияланған жылдан бері Өскемен қаласының әкімшілік бағынышында. Бірақ осы уақытқа дейін облыс орталығының құрамына қосылмаған. Кент Өскемен қаласының орталығынан 13 шақырым қашықтықта орналасса, қазіргі уақытта құрамында болып саналатын Глубокое ауданының орталығы Глубокое кентінен бақандай 45 шақырым қашықтықта орналасқан. №58 бағыттағы қалалық жолаушылар автобусы қатынайды. Кент тұрғындарының балалары қала мектептерінде білім алып, сайлауға №23 мектептегі сайлау учаскесі бойынша қатысады. Тұрғындар бірнеше рет қалаға қосылу жөнінде ұсыныс білдірген, - деді қала әкімі аппаратының басшысы.
Ол Қоғамдық кеңестен ұсынысты қолдауды сұрады. Кеңес мүшелері Радужный кентінің қала аумағына қосылуын дауысқа салып, бірауыздан қолдады.
Қоғамдық кеңестің шешімінен соң еліміздің Ұлттық экономика министрлігі кент бойынша қаулының жобасын ҚР Үкіметіне қарау және қол қоюға енгізеді. Осылайша, жақын арада облыс орталығының аумағы 94 гектарға ұлғая түспек.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ